- Негізгі бет
- ӘЧ 2014
- Массагет бәйгесі. Қатысушылар...
Массагет бәйгесі. Қатысушылар іріктелер сәт жақындап келеді
Бүгін футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі «F» және «G» тобының ойындары өтеді. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады.
Футбол тойының кезекті күні үш кездесуді ұсынады. «F» тобында Иран Нигериямен, «G» тобында Португалия Германиямен, Гана АҚШ құрамасымен кездеседі. Ендеше ойындар алдындағы шолуымызды оқи отырыңыздар.
Иран - Нигерия
Аргентина мен Босния құрамаларымен бір топқа түскен өкілдер бүгінгі кездесуде ұпайдан шашау шығармауға тырысады. Егер топтық кезеңнен шыққылары келсе... 1998 жылы өткізілген жолдастық кездеуде (Гонконгта) Иран құрамасы нигериялықтарға аз есеппен жеңілген екен. Иран құрамасына сол кеткен есені қайтаруға тамаша мүмкіндік алып тұр.
Қызықты деректер:
- Иран Әлем Чемпионаты аясында бір ғана ойынды жеңіспен аяқтай алған (АҚШ құрамасын 1998 жылы);
- Мундиальда өткізген тоғыз кездесудің барлығында Иран қақпасына міндетті түрде гол кіріп тұрған.
- Нигерия құрамасы Әлем Чемпионаты аясында соңғы сегіз ойында жеңіске жете алмай келеді. Соңғы рет нигериялықтар 1998 жылы Болгарияны ұтыпты.
Қазіргі Иран құрамасы - Азия құрлығынан алыс аймаққа бөтен, сыры беймәлім команда. Команданың ойыншылары да, қарым мүмкіндігі де белгісіз. Шамамен барлық дерлік ойыншылар өз елдерінің ішкі біріншіліктерінде немесе көршілес елдерде ойнайды. Тек бірқатар ойыншылар ғана еуропалық клубтарда өнер көрсетеді. "Фулхэм" сапынна Ашқан Дежагуды атап өтуге болар. Қалғанынан, команданы қартаймайтын, испан примерасында бір жылдары доп тепкен Джавад Некунам бастап келеді.
Иран құрамасын 2011 жылдан бері португалдық маман Карлуш Кейруш баптап келеді. Аталған жаттықтырушы Сэр Алекс Фергюсонмен "МЮ" сапында көп жылдар тер төгіп, бір маусым мадридтік "Реалды" өз бетімен және өте сәтсіз басқарып шыққан болатын. 2010 жылғы Әлем Чемпионатының тұсында Португалия құрамасының тізгінін ұстады.
Карлуш Кейруш Иран құрамасын классикалық жүйеге арқа сүйей отырып, команданы қорғаныстан құрды. Ирандықтар белгілі бір нәтижеге тактикалық тәртіпке құл болған ойынның арқасында қол жеткізіп отырды. Мұның өзі команда сапында жетіспеген шеберліктің орнын толтыруға көмектеседі деп сенгендіктен. Карлуштың "бандасы" іріктеу кезеңінің 8 ойынында өз қақпаларына 2 гол ғана жіберген екен.
Нигерия - егер ойыны бір жүрсе, онда кез келген қарсыласқа тең дәрежелі ойын көрсететін африкалық команда. Стивен Кешидің қол астында мақтаулы тәлімгерлер жеткілікті: "Лильдің" қақпашысы Винсент Эньема, «Фенербахченің» сұрмергені Эммануэль Эменике, шотландиялық "Селтиктен" Эфе Эмброуз, сосын ағылшын біріншілігінің ардагер майталманы Джон Оби Микел және Шола Амеоби, Виктор Мозес, Питер Одемвингие. Бұл құрама іріктеу кезеңінен сүрінбей өтсе де, дода алдындағы жолдастық кездесулерде ойындары жүре қоймады.
Бір айта кетерлігі, бұл мундиальда бір құрама аутсайдерді бағаламағандықтан, опық жеп тынды. Уругвай құрамасы сенсациялық түрде Коста-Рика құрамасына 1:3 есебімен жеңілген болатын. Ал аустралиялықтар чилиліктерді әбден састырған еді. Иран құрамасын бұл қатардан шығарып тастауға болмас...
Бас қазы: Карлос Вера (Эквадор)
Бас қазының көмекшілері: Байрон Ромеро, Кристиан Лескано (екеуі – Эквадор)
Төртінші арбитр: Вилмар Ролдан (Колумбия)
Құрамалардың ФИФА рейтингісіндегі орны ( 05.06.2014)
Иран – 43
Нигерия – 44
Иран (шығуы мүмкін құрам): А.Хагиги — Монтазери, Хоссейни, Садеги, Поолади — Теймурян, Некунам — Хейдари, Дежага, Хайсафи — Гучаннеджад
Нигерия (шығуы мүмкін құрам): Эньяма — Эмброуз, Йобо, Обоабона, Ошанива — Микель, Онази — Мозес, Одемвингие, Муса — Эменике
Германия vs Португалия
G тобындаға алғашқы ойын екі үздік команданың арасында өтеді. Бұл екі құрама да 1/8 финал жолдамасынан бірден-бір үміткер командалар саналады. Әрине африкалық үздік ұжым Гана құрамасының бұл жолдамадан дәмелі екенін естен шығармаған жөн. Германия мен Португалия арасындағы бүгінгі ойын бұл топтың негізгі көшбасшысын анықтайтын болады. Бұл ойынға португалдық үздік ойыншы Криштиану Роналдудың қатысу-қатыспауы жанкүйерлер тарапынан біраз қызығушылық тудырды. Роналду Әлем чемпионаты алдындағы жаттығулардың бірінде жарақат алып қалғаны еді. Алайда «Алтын доп» игері бүгінгі журналистерге берген мәлімдемесінде Әлем чемпионатына 100 пайыз дайын екенін жеткізді. Португалия құрамасының бас бапкері Паулу Бенту бұл туралы: «Біз Әлем чемпионатын ойдағыдай өткізуге тырысамыз. Біздің командамызда әлемнің үздік ойыншылары топтасқан. Командамызда әлемнің ең үздік футболшысының бар болғаны, біз Әлем чемпионатын міндетті түрде жеңіп алады деген сөз емес. Роналду команданың бір бөлшегі ғана. Біз Роналду қатысқан үлкен турнирлерде де жеңімпаз атанбағанбыз», - дейді.
Германия құрамасының бас бапкері Йоахим Лёв: «Бізге өте мықты командалар қарсылас атанды. Әрбір кездесудің біз үшін маңызы жоғары. Мысалы, Португалия құрамасы әлемдік рейтингте бізден екі саты ғана төмен орналасқан. Бірақ бұл – олардың бізден әлсіз екенін көрсетпейді. Тағы да қайталаймын, егер біз жақсы ойын өрнегін көрсетсек, әлем чемпионатын жеңіп алуға тамаша мүмкіндік болғалы тұр», - деді.
Йоахим Лев сенім артқан ойыншылардың қатарында "Лацио" командасының шабуылшысы 35 жастағы Мирослав Клозе де бар. Бұл - Мирослав Клозе үшін атақты бразилиялық Роналдоның рекордын жаңартуға деген бірден-бір мүмкіндік. Бүгінде Роналдо Әлем чемпионатында ең көп гол (15 гол) соққан футболшы саналады. Ал, Клозенің еншісінде 14 доп.
Енді құрамалардың әлем чемпионатындағы соңғы статистикаларына назар аударып көрейік.
– Бұл екі команда өзара 17 мәрте кездесу өткізген. Тоғызында немістер жеңіске жетсе, үш кездесу португалдықтардың пайдасына шешілген. Бес мәрте тең ойын тіркелген.
– Соңғы үш кездесуде немістер португалдықтарды ірі есеппен тізе бүктірген.
– Командалар Әлем чемпионатында тек бір мәрте жолыққан. 2006 жылғы Әлем чемпионатында Германия мен Португалия арасындағы үшінші орын үшін айқаста немістер 3:1 есебімен жеңіске жеткен.
– Екі ұжым арасындағы соңғы ойын 2012 жылғы еуропа біріншілігінде ойналған екен. Ол кездесуде Марио Гоместің жалғыз добы Германия құрамасына жеңіс алып келген.
Букмекерлік орталықтар, Германия құрамасы жеңісіне – 1.95, тең есепке – 3.40, Португалияның жеңісіне – 4.00 коэффициент ұсынуда.
Германия мен Португалия арасындағы ойын Салвадор қаласындағы "Фонте Нова" стадионында өтеді. Ойын Астана уақытымен 22:00 басталады.
Гана мен АҚШ құрамалары Португалия, Германия сынды азулы командалардың тобына түсті. Футбол мамандары 1/8 финал жолдамасын күні бұрын соңғы екі командаға беріп қойды. Алайда кез келген команда жеңіс үшін ойнайтыны анық.
Гана құрамасы америкалықтармен соңғы екі Әлем чемпионатында жолығып, екеуінде де 2-1 есебімен жеңіске жеткен. Бұдан бөлек 1983 жылғы өткен жолдастық кездесуде ганалықтар АҚШ-тан 1:0 есебімен басым түскен екен. Бүгінгі төртінші кездесуде де соңғы Әлем чемпионатында "кішігірім сенсация" жасаған ганалықтар жеңіске жетуі әбден мүмкін. Букмекерлік орталықтар, Гана құрамасы жеңісіне – 2.55, тең есепке – 3.27, АҚШ-тың жеңісіне – 3.01 коэффициент ұсынуда.
Футбол мамандары бүгінгі ойында Гана сапынан үздік сұрмерген Асамоа Гьянның қанжығасы майланады деп есептейді. Не десек те, бәрі бүгінгі ойында шешіледі. Жеңімпаз команда 1/8 финал жолдамасына бір табан жақындай түсері анық.
Бұл ойын Астана уақытымен 04:00-де басталады. Барлық кездесуді «KazSport» және «Қазақстан» арналарынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.
Еске салайық, осыған дейін әлем чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Ал жарысқа тіркеліп, қатысу ертең аяқталады. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген үш ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!
Ескерту: Бүгінгі болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кетейін, ертеңнен бастап, 6 ұпайдан аспағандар рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Бұл жолы бір ұпайы барлар енген жоқ. Тағы айта кететіні ертең жарысқа қатысудың соңғы күні. Және жаңа ережелер туралы материал жарияланады. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Үш ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай, Нұржігіт Айдархан
Сурет: goal.net.ua, isport.ua
О. Сансызбай