- Негізгі бет
- ӘЧ 2014
- Массагет бәйгесі. Жүзден...
Массагет бәйгесі. Жүзден жүйрік шық!
Бүгін футболдан Бразилия жерінде өтіп жатқан Әлем Чемпионатының ширек финалдық кездесулері басталады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасуда.
Бүгін кеште еуропалық классика - мұндайдың күнде орын ала бермесі анық. Тұмау кедергі ете алмаған тамаша қойылым Рио-де-Жанейро қаласында өтеді.
Басымдылықты бір командаға беру қиындау. Қос құрама да африкалық командаларға қарсы оңай ойын өткермеді. Француздар әупірімдеп жүріп негізгі уақытта жеңіске жете алса, немістер қосымша уақытта аузы бекітулі алжирліктерді әзер дегенде ұта алған-ды.
Дешамның тәлімгерлері іріктеу кезеңінен сүрініп жүріп өтсе де, дәл қазіргі уақытта мундиальдың басты фавориті саналып үлгергені анық. Және іріктеу кезеңіндегідей, француздардың жеңісіне шешінем дейтін қыз-келіншектердің де табылмасы белгілі. Немістерді айтпасақ та түсінікті, олар қай жолғыдай тек жеңіс үшін келді. Бірақ, Левтің шәкірттері ойын алдында бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Бундестимнің жеті бірдей ойыншысы тұмауға шалдыққа көрінеді, рас-өтірігі белгісіз. Негізгі құрамда ойынға Мұстафа қатыса алмағанмен, Бастиан Шваинштайгер жарақатынан құлан таза айығып отыр екен.
Француздар соңғы он бес ойында бір-ақ рет жеңілген. Қалғанының бәрінде Дешамның командасы не тең есепке, не жеңіске жетіп отырған. Бір қызығы, француздардың осы мундиальда соққан гол саны бұдан бұрынғы үш мундиальмен теңесіп отыр.
Ал немістер ширек финалға 16 мәрте шығып отыр екен. Бұл өз кезегінде рекорд саналады. Және Кәрім Бензема құрама сапында өткізген тоғыз ойында тоғыз доп соққан, сол уақытта қарсылас командадан Томас Мюллер Әлем Чемпионатының соңғы 9 ойынында 9 доп соғыпты.
Бас төреші: Нестор Питана (Аргентина)
Төрешінің көмекшілері: Эрнан Майдана (Аргентина), Хуан Пабло Белатти (Аргентина)
Төртінші төреші: Йонас Эрикссон (Швеция)
Шығуы мүмкін құрам:
Франция: Льорис, Сахо, Дебюши, Эвра, Варан, Матюиди, Кабайе, Сиссоко, Жиру, Вальбуэна, Бензема
Германия: Нойер, Хеведес, Боатенг, Мертезакер, Швайнштайгер, Озил, Хуммельс, Крооc, Лам, Гётце, Мюллер
Бұл кездесудің қызық болатынына ешкім шүбә келтірмейді. Жанкүйерлер әсіресе қос құраманың дриблинг пен доп ұстауда іш пыстырмас өнерлерін ұнатады. Және соңғы 10 жылда екі команда да өз ара кездесулердің бірде-бірінде жеңіске жете алмаған.
Құрамалар өзара 35 ойын өткізген, соның жиырмасында бразилиялықтар басым түссе, бесеуінде колумбиялықтар жеңіске жетіп отырған. Ал он кездесуде тең есеп тіркелген.
Бас төреші: Карлос Веласко Карбальо (Испания)
Төрешінің көмекшілері: Алонсо Фернандес, Хуан Йесте (Испания)
Төртінші төреші: Свейн Моэн (Норвегия)
Шығуы мүмкін құрам:
Бразилия: Жулио Сезар – Марсело, Дани Алвес, Тиаго Силва, Давид Луис – Паулиньо, Фернандиньо, Оскар – Неймар, Жо, Халк.
Колумбия: Давид Оспина – Марио Йепес, Кристиан Сапата, Пабло Армеро, Камило Цунига – Абель Агилар, Карлос Санчес, Хуан Куадрадо, Хамес Родригес – Теофило Гутьеррес, Джексон Мартинес.
Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген екі ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!
Ескерту: Болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 16 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Жарыс соңына дейін қатысушылар өтінішімен ешқандай өзгерістер енгізілмейтін болды. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Екі ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Алдағы финалдық кезеңдегі ойындар негізгі уақыт нәтижесімен есепке алынады! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: footballhd.ru; zn.ua; footballmirror.ucoz.ru
О. Сансызбай