Бразилия мен Мексика гол салмады

"А" тобының өкілдері Бразилия мен Мексика құрамасы екінші тур ойынында тең тарқасты...

Голдың соғылмағанына қарамастан, кездесу қос құраманың алма-кезек шабуылымен, жан берісіп, жан алысқан жанталаспен өтті. Бразилиялықтар әдеттегідей допқа көп иелік етті. Қос құрама да бірінші таймда екі-екіден қауіпті сәт ұйымдастырған-ды, бірақ әр жолы қақпашылар іске кірісіп, өз қақпаларын аман алып қалды. 

Қос құраманың да қақпашылары керемет өнер көрсетті. Әсіресе, Мексика құрамасы мен француздың «Аяччо» командасының қақпашысы Гильермо Очоа өз командасын бір емес, бірнеше рет қауіпті сәтте құтқарып қалды.

Мексика құрамасы бразилиялықтардың тоғыз ойынға созылған жеңіс жолын үзді.

Бразилиялықтар мен мексикандықтар 4 ұпаймен А тобының көш басында тұр.

ӘЧ-2014, А тобы, екінші тур

Бразилия – Мексика – 0:0

Бразилия: Жулио Сезар, Дани Алвес, Тьяго Силва, Давид Луис, Марсело, Паулиньо, Рамирес, Луис Густаво, Оскар, Неймар, Фред.

Мексика: Очоа, Родригес, Маркес, Эррера, Лаюн, дос Сантос, Морено, Гуардадо, Перальта, Агилар, Васкес.

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: vk.com