Криштиану Роналду Әлем Чемпионатына 100 пайыз дайын екенін жеткізді

Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду немістермен болатын бүгінгі ойынға 100 пайыз дайын екенін жеткізді. 

Естеріңізге сала кетсек, Криштиану Роналду Әлем Чемпионаты алдындағы жаттығулардың бірінде жарақат алып қалған болатын. Көптеген ақпарат құралы Роналдудың Әлем Чемпионатынан сырт қалуы мүмкін екендігін жарыса жазған болатын. Роналдудың Грекиямен болған жолдастық кездесуге де (0:0) шыға алмауы жанкүйерлердің күдігін арттыра түсті. Тіпті, Нана Кваку Бонсам атты ганалық бақсы Роналдудың жарақатына өзінің қатысы бар екенін мәлімдеп, оны "мундиальға" жібермеймін деп жар салған болатын. Үздік сұрмерген Португалия-Германия кездесуінің алдында журналистер сұрағына жауап берді.

Криштиану егер жарақаты аса қауіпті болған жағдайда, Әлем Чемпионатына қатыспайтынын айта келе: "Мен Әлем Чемпионаты үшін денсаулығымды қауіп-қатерге тіге алмаймын. Иә, бұл біріншілік өте маңызды. Алайда, денсаулық одан да маңыздырақ. Бірінші денсаулық, сосын футбол. Мен қазір Әлем Чемпионатына 100 пайыз дайынмын. Өзімді жақсы сезінемін. Әлем Чемпионатын сәтті өткізгім келеді. Мен бір күнімді де футболсыз өткізген емеспін. Сол себепті, ауырған да жоқпын. Бұл - еңбектің жемісі", - деді. 

Португалдық шабуылшысы командасы туралы: "Біздің команданың ойыншыларының бәрі мықты. Біз өзімізге толықтай сенімдіміз. Биыл біз үшін жақсы бір Әлем Чемпионаты болады деп үміттенемін", - деді.

Бүгін Криштиану бастаған португалдық құрама Германиямен кездеседі. Бұл ойын Салвадор қаласындағы "Фонте Нова" стадионында өтеді. Ойын Астана уақытымен 22:00 басталады. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: football.sport-express.ru