Швейцария 2 - 1 Эквадор

Швейцария 2 - 1 Эквадор

«Е» тобының алғашқы ойындарын бастаған Швейцария мен Эквадор кездесуінде Оттмар Хитцпельд шәкірттерінің мысы басым болды. Топтағы екінші жолдаманы сарапқа салады деп күтілген құрамалар тартысы соңғы минутқа дейін жалғасты.

Кездесу басы аса жоғарғы қарқынмен бастала қойған жоқ. Бір-бірін аңдумен жүрген командалар осал тұстарын пайдалануға ұмтылумен жүрді.  22 минутта әуелете асырылған пасқа Эннер Валенсия бірінші жетіп, есеп ашты. Бірінші таймды эквадорлықтар жеңіп шыққанмен, екінші таймда басымдығын сақтап қала алмады. 48 минутта бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жеткен Адмер Мехмеди таразы басын теңестірді. Әлем чемпионатындағы алғашқы тең кездесу тіркелетін болды деп күткен жанкүйерлердің ойы соңғы минутта жоққа шықты. Родригестің тамаша пасынан Сеферович командасына үш ұпай сыйлаған голды соқты.

Еске салайық, бұл топта Франция мен Гондурас құрамалары бар. Астана уақытымен 01:00-де бұл кездесу басталатын болады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

 

О. Сансызбай