Массагет бәйгесі. Үздік болуға асығыңыздар!

Бүгін түнде футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі кездесулер жалғасын табады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі де көшбасшысын күтетін болады.

«С» және «D» топтарындағы құрамалардың алғашқы кездесулері өтеді. Колумбия гректермен үш ұпайды сарапқа салса, бұл топтағы Кот-д’Ивуар мен Жапония ойыны Астана уақытымен сағат таңғы 07:00-де басталады. «Өлім тобында» бүгін түнде Уругвай мен Коста-Рика, Англия мен Италия құрамалары кездеседі. Ендеше кездесулерге шолуымызды бастаймыз.

«Мундиальдың» үшінші күнгі кездесулері Колумбия мен Грекия құрамалары ойынымен басталады. «С» тобындағы бір-бірімен деңгейлес құрамалардың тартысы да қызықты болары сөзсіз. Негізінен екі құрама да екі түрлі ойын жүйесін ұстанады.

Бразилия жерінде Колумбия құрамасының топтан шығу мүмкіндігі жоғары. Өз құрлығында ойнайтын құраманың жанкүйерлері де аз болмасы анық. Негізінен осыған дейінгі әлемдік додада колумбиялықтар қорғаныста ойнаумен ғана өнер көрсетіп келген. Яғни, ойын философиясы қорғаныс, қысым мен доп ұстау ғана болған. 2012 жылы құрама тізгінін ұстаған Хосе Пекерман командаға тың серпіліс әкелді. Нәтижесінде, қазір Колумбия құрамасы ФИФА рейтингінде 8-ші орында келеді.


Грекия құрамасын көптеген құрамалар ыңғайсыз қарсылас санайды. Бар «жұмбағын» ішіне бүгіп ойнайтын құрама қорғаныста жүріп, ыңғайын тапса қауіпті шабуылға ұмтыла біледі. Намысқой келетін гректер кез келген сәтте қарсыласты адым аштырмауға тырысары анық. Кезінде Отто Рехагель жаттықтырғанда құраманың ойын жүйесіндегі философия қалыптасты. Нәтижесінде 2004 жылы Еуропа чемпионатын жеңіп алып, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды.Қазіргі бапкер Фернанду Сантуш құраманың ойын жүйесіне өзгерту енгізгенмен, ойын философиясы сол қалпында сақталып қалды.

Букмекерлік орталықтар колумбиялықтар жеңісіне – 1,90, тең ойынға – 3,35, гректердің жеңісіне – 5,30 коэфициент ұсынуда. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

 

«Арыстандар апанына» түскен Коста-Рика бүгін Уругвай құрамасымен кездеседі. Егер аутсайдерден Оскар Табарес командасы ұпай жоғалтар болса, жағдайы қиындары даусыз. Бірақ, ұпай жоғалта қоюуы екіталай.

«Селестадан» жанкүйерлер күтпеген сый күтуде. Іріктеу кезеңінде аса мықты ойын өрнегін көрсетпесе де, 2010 жылғы «мундиальдың» жартылай финалына жеткен құрама өз құрлығында белсенеді деп болжануда. Бәлкім, рас та шығар. Алғашқы Коста-Рикамен болатын ойында құрама үш ұпаймен бірге, ірі есеппен де жеңіске жетуі тиіс. Бұл жеңіс футболшыларға жігер береді. Одан кейінгі нәтижені Оскар Табарес ұстанған жүйе шешпек...

Бүгінгі ойынға сұрмерген Луис Суарес шықпайды. Жаттықтырушылар Англия мен Италияға қарсы ойынға сақтайтын секілді. Аздап жарақаты да бар-ды. Десе де, Уругвайда шабуылшы жоқ емес. Эдинсон Кавани, Эрнандес, Форлан және Стуанилардың бірі бүгін Неймар мен Робин ван Перси нәтижелерін қайталауы әбден мүмкін. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 01:00-де басталады.


Дүйім жұрттың түн ұйқысын төрт бөлген футбол спектаклдері бүгін кеште Италия мен Англия құрамасы арасындағы ойынды ұсынады. Бұл ойынның бұрынғы ойыннан өзгерек болатын себебі, мықты құраммен шыққалы отырған командалардың қандай қызық сыйлайтынын күні бұрын біліп болмайсыз. 

Италия құрамасы осыдан төрт жыл бұрын топтық кезеңнен аса алмаған болатын. Бірақ жұртшылық екі жыл алдында Буффон бастаған жігіттердің финалға шыққанын ұмыта қоймаған болар. Сол уақытта турнирді жеңіп алуға басты үміткер саналған, қарсылас шыдатпай келген "неміс машинасын" жартылай финалда Чезаре Пранделли шәкірттері тоқтатып еді. 

Англия құрамасы Ходжсонның тізгінінде аз жылда біршама өзгеріске ұшырап отыр. Бас бапкер осы жылы ағылшын біріншілігін жеңіп алуға бір табан болған "Ливерпуль" командаларының жігіттерінен негізгі құрамды сайлап келді. Джерард бастаған жігіттер нағыз ағылшын футболына тән дәстүрлі ойын өрнегін ұсынбақ. 

- Құрамалардың өзара кездесулерінде Италия құрамасы аздаған басымдылыққа ие: жеті тең есеп пен сегіз жеңіліске қарсы тоғыз ұтыс.

- Ағылшындар әлі бірде бір рет италиялықтарды ӘЧ мен ЕЧ додаларында ұтып көрмепті. 

– Д тобының айрықшаланатын тұсы, жеребеде үш бірдей әлем чемпиондарының топтастырылғаны.

– Ағылшындар 1966 жылы Әлем Чемпионатында топ жарған-ды, сондай-ақ 1990 жылы жартылай финалда немістерден өте алмаған болатын. Британдықтар осылайша әлемдік доданы алғашқы төрттікпен екі жолы ғана аяқтапты.

– «Скуадра адзурра» Әлем Кубогін төбелеріне төрт мәрте көтерген: 1934, 1938, 1982 мен 2006 жылдары. 

Ивуарлықтар мен жапондар арасында матчты таңға жуық тамашалай аласыздар. Қос құрамадан да ойын көркін қыздыруға табыла кететін орындаушылар жеткілікті.

Дрогба бастаған жігіттер бірінші минуттардан ашық футболға көшетін болады. Жапондар, өз кезегінде, қарымта шабуылдан өз бақтарын іздеп көреді. Хондаға иек артқан "күншығыс елінің" өкілдері әрбір бұрыштама, айып доптарын сауатты орындауға тырысады. 

Ивуарлықтар сапында Англияның осы жылғы ең үздік жартылай қорғаушысы Яя Туре өнер көрсетеді, қайраты қайта қоймаған Дидье Дрогба мен осы маусымда "Романың" көшбасшы ойыншысына айналған Жервинью тағы бар. 

Жапондардың бас бапкері Альберто Дзаккеронидің бапкерлік тұрғыда танып-білген дүниесі көп. Маусымды сүреңсіз өткізіп, өз кезегінде айтулы додада есімдерін қалдыруға тырысатын Синдзи Кагава бар. Кагаваның тапқыр пастары мен шапшаңдығы "самурайларға" артық мүмкіндік сыйламақ. 

Бір айта кетерлігі, қос құрамаға да топтан шығуға мүмкіндік бар.


Еске салайық, осыған дейін әлем чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген үш ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі қатысушылар рейтингімен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Бүгінгі болжам жасау уақыты кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Ережеге сәйкес, бір сағат бұрын тоқтатылуы тиіс болатын, бірақ ойын кестесіне орай осындай қадамға барып отырмыз. Төрт ойынды да бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

 Дайындағандар: Өмірбек Сансызбай, Әкежан Дәкен

Сурет: isport.ua