- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Олимпиада ойындарына енген...
Олимпиада ойындарына енген фрисби спорты туралы не білеміз?
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Малайзия астанасы Куала-Лумпурдегі 128-ші отырысының қорытындысы бойынша фрисби спортын (әуедегі диск) Олимпиада ойындары санатына жататын спорт түрлері қатарына қосты. Алдағы уақытта ХОК тарапынан қаржы бөлініп, бұл спорт түріне назар аударылатын болады.
Фрисби барлық талаптар бойынша Олимпиадалық спорт түрлері қатарына еніп отыр. Халықаралық фрисби қауымдастығының президенті (WFDF) Роберт Раух ХОК басшылығына алғысын айтып, қуанышты хабарларымен бөлісті. Десе де ХОК фрисби спортына қаржылай қолдау білдіргенмен, Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосуға күш салмайды. Оны дүниежүзілік доданы ұйымдастыратын елдің арнайы ұсынысы ғана дауыс таңдауына қатысуына мүмкіндік беретін болады.
Қазіргі таңда дүниежүзілік фрисби қауымдастығы әлемнің 62 елінде қолдау тауып, ірі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Тәрелке тәріздес арнайы дискті лақтырып ойнайтын спорт түрінің түрлері де көп. Олардың қатарына фрисби-алтимат, гатс, жағажай-алтимат, диск-гольф, фристайл секілді түрлерін т.б. жатқызуға болады. Бұлардың ішінде фрисби-алтимат түрі кеңінен тараған. Командалық жүйеде өтетін бұл ойын түрі бір қарағанда регбиге де ұқсас. Тек аздап ережелерінде өзгерістер бар.
Айта кетейік, Жапония 2020 жылы өз елінде өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына фрисби спортын қосқан жоқ. ХОК таңдауына ұсынылған 8 спорт түрінің қатарына бейсбол, ушу, роликті коньки, серфинг, тауға өрмелеу, софтбол, карате және боулинг енген.
О. Сансызбай