2020 жылғы жазғы Олимпиадаға енуі мүмкін 8 спорт түрі

2020 жылғы жазғы Олимпиадаға енуі мүмкін 8 спорт түрі
Фото: mimi-gallery.com,

2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындары Жапония астанасы Токиода өтеді. Жақында ғана «Күншығыс еліндегі» әлемдік бәсекені ұйымдастыру комитеті дүбірлі додаға енуі мүмкін 8 спорт түрін таңдады. Бұл спорт түрлерінің енуі, енбеуі туралы нақты шешімді Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2016 жылдың тамызына дейін қабылдайтын болады.

Төрт жылда бір рет төрткүл дүние спортшыларының басын біріктіретін әр Олимпиада ойындарының өзіндік ерекшеліктері болады. Жаңа спорт түрлері енгізіліп, кей спорт түрлері алынылып тасталып та жатады. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы Токиода өтетін Олимпиадаға күрес спорты енбей қалуы мүмкін деген де ақпараттар жарияланған-ды. Кейін ХОК пен Жапония Олимпиада ұйымдастыру комитеті күресті бағдарламалардың қатарына қосты. Алдағы уақытта Олимпиадаға енуі мүмкін тағы да 8 спорт түрі ХОК назарына ұсынылып отыр. Енді сол спорт түрлері туралы айта отырайық.

Боулинг

Боулинг – ХІХ ғасырдың соңында АҚШ-та пайда болды. Арнайы ережесі қабылданып, спорт түрінің қатарына жатқызылды. Алайда бір ғасырдан астам уақыт тарихы бар спорт түрі Олимпиада ойындарының қатарына енген емес. Токиода бұл спорт түрінен алғаш рет Олимпиада чемпионы анықталып қалуы мүмкін.

Софтбол

Софтбол – Олимпиада ойындарына еніп, кейін алынылып тасталған спорт түрі. Алғаш рет 1996 жылы Атлантада өткен дүниежүзілік додада софтбол спортының чемпиондары анықталды. 2006 жылы ХОК шешімімен бұл спорт түрі 2012 жылғы Олимпиада ойындарына енбей қалды. Рио-де-Жанейро Олимпиадасының бағдарламасына да софтбол енген жоқ.

Бейсбол

Бейсбол спорты ресми түрде Олимпиада ойындарындағы спорт түрлері қатарына 1992 жылы Барселонада өткен додада еніп, медальдар сарапқа салынды. 2006 жылы софтбол мен бейсбол ХОК шешімімен Олимпиадалық спорт түрлері қатарынан алынылып тасталды. Токиода қайтадан бейсбол құрамалары чемпиондық атаққа таласуы бек мүмкін.

Карате

«Күншығыс елі» өз елінде өтетін Олимпиадаға ұлттық спорты каратені қосуға барынша талпынуда. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына енеді деп күтілді. Кейіннен ХОК дауыс беру отырысында бұл спорт түрі жоғары ұпайға ие бола алмады. Каратенің Олимпиадаға енбей келуінің бір себебі – спортшылардың көп жарақат алуы.

Тауға өрмелеу

Тауға өрмелеу - әлемдегі аса танымал спорт түрлерінің қатарына жатпайды. Көп адамдар хобби мен көңіл көтеру үшін айналысады. Қазіргі таңда бұл спорт түрімен кәсіби түрде айналысатындардың қатары көбейіп келеді. Осыған дейін тауға өрмелеу спорты Олимпиададағы спорт түрлерінің қатарына енбеген. Бәлкім, Токиоға тауға өрмелеуші спортшылардың жолы түсіп қалуы мүмкін.

Серфинг

Серфинг - кең тараған теңіз спорты болып табылады. Тау-тау толқынды бағындыратын бұл спорт түрінің хас шеберлері алғаш рет Токиода Олимпиада чемпионын анықтауы мүмкін.

Роликті коньки

Роликті коньки – 2020 жылғы Олимпиада ойындарына енуі мүмкін спорт түрлерінің қатарына алғаш рет қосылып отыр. Бұл спорт түрімен әлемде әуесқой айналысушылардың саны көп. Бір күннің өзінде миллионға жуық адам роликті коньки тебеді. Ал кәсіби түрде айналысушылар да жоқ емес. Негізінен роликті конькидің тарихы ХVIII ғасырдан басталады. ХІХ ғасырда аса танымал спорт түрі болса, бүгінде әлемдегі үлкенге де, кішіге де қолжетімді спорт түріне айналды.

Ушу

Ушу - қытай тілінен аударғанда әскери дайындық деген мағынаны білдіреді. «Аспан асты елі» бұл спорт түрін XX ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап насихаттай бастады. Әйгілі Брюс Лидің өнерімен бұл спорт түрі әлемге танылып шыға келді. Бүгінде ушудан түрлі халықаралық жарыстар ұйымдастырылып тұрады. 2020 жылғы Олимпиадаға енуі мүмкін бірден-бір спорт түрі.

Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада Комитеті қорытынды шешімді 2016 жылдың тамызына дейін қабылдайтын болады.

Ө. Сансызбай