Қазақстан құрамасының бас бапкері мен капитаны кімдерге дауыс берді?

Қазақстан құрамасының бас бапкері мен капитаны кімдерге дауыс берді?
Фото: kff.kz

Футболдан 2015 жылғы «Алтын допты» Лионель Месси жеңіп алды. Осы орайда, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері мен капитаны, және бір тілшінің кімдерге таңдауы түскенін айта кеткенді жөн санап отырмыз.

Лионель Месси дауыс беру қорытындысы бойынша, басты қарсыластарынан жоғары нәтижеге ие болған. Оны дауыс берушілердің 41,33 %-ы қолдаған. Криштиану Роналду 27,76 % қолдауға ие болса, Неймар 7,86 % көрсеткішпен шектеліпті.

2015 жылы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған кезде Юрий Красножан дауыс беруде бірінші орынға Лионель Мессиді қойыпты. Екінші орынға – Криштиану Роналдуды қойса, үшінші орынға Неймарды лайық деп таныпты.

Ұлттық құрама капитаны Самат Смақов болса бірінші орынға – Лионель Мессиді, екінші орынға – Криштиану Роналдуды, үшінші орынға – Эден Азарды қойған. Ал БАҚ атынан дауыс берген Гений Төлегенов те бірінші орынға Лионель Мессиді қойып, одан кейінгі орындарды Алексис Санчес пен Андреас Иньестаға «сыйлапты».

Айта кетейік, «Алтын доп» иегері ұлттық құрамалардың бас бапкері мен команда капитаны, және ФИФА қауымдастығына мүше бір тілшінің дауыс беруі арқылы анықталады. Футбол мамандары тарапынан берілген дауыс беруде бірінші белгіленген ойыншы - 5 ұпай, екінші есімі аталған ойыншы – 3 ұпай, үшінші орыннан көрінген ойыншы 1 ұпай еншілейді.

О. Сансызбай