- Негізгі бет
- Бұл қызық
- "Астана" УЕФА-ның клубтар...
"Астана" УЕФА-ның клубтар рейтингінде "Интер" мен "Валенсияны" басып озды
Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан "Астана" командасы Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) жаңарған рейтингінде 59-орынға көтерілді. Бұл - қазақстандық клубтар арасындағы ең үздік көрсеткіш.
Елордалық команда 5 маусым ішінде 402-ші орыннан 59-ға бір-ақ көтерілді. УЕФА клубтар рейтингінде еуропалық бірде-бір ұжым дәл осындай қарқынмен жоғарыламаған. Оған себеп - "Астананың" 4 маусым қатарынан Еуропа лигасы мен Чемпиондар лигасы топтық кезеңіне шығуы.
"Астана" жаңарған рейтингте Италияның "Интер" және "Милан", Испанияның "Валенсия", Түркияның "Галатасарай", Англияның "Эвертон", Ресейдің "Спартак", Германияның "Лейпциг" пен "Хоффенхайм" клубтарынан жоғары тұр.
Алматының "Қайрат" клубы 197-орынға жайғасқан. "Тобыл", "Ертіс", "Ордабасы", "Ақтөбе" мен "Шахтер" командалары 282 мен 286-шы орындар аралығына қатар орналасқан.
УЕФА-ның клубтар рейтингінде мадридтік "Реал" көш бастап тұр. "Корольдік клуб" өткен маусымда Чемпиондар лигасын үшінші жыл қатарынан жеңді. Екінші орында Мюнхеннің "Бавария" клубы келеді. Үздік үштікті каталондық "Барселона" түйіндеп тұр. Одан кейінгі орындарға "Атлетико", "Ювентус", "Севилья", "ПСЖ", "Манчестер Сити", "Арсенал" мен Донецкінің "Шахтер" клубтары жайғасқан.
Айта кетейік, 4 қазан күні "Астана" Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі екінші ойынын өткізеді. Астанада Францияның "Ренн" командасымен кездеседі. Ойын сағат 20:50-де басталады.
Елордалық команда топтағы бірінші ойында сырт алаңда Киевтің "Динамо" командасымен тең түскен болатын.
О. Сансызбай