- Негізгі бет
- Бұл қызық
- «Астана» мен «Қайраттың»...
«Астана» мен «Қайраттың» еурододадағы табысы қалай?
Футболдан Еуропаның басты бәсекелерінің бірі – Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының сыйақысы осы маусымнан бастап жоғарылайтыны туралы хабарлаған болатынбыз. Екі додада ел намысын қорғап жатқан «Астана» мен «Қайрат» алғашқы табыстарына қол жеткізіп үлгерді.
Елордалық «Астана» екінші және үшінші кезеңдегі ойындарының нәтижесі бойынша 700 000 еуроға (300 мың және 400 мың сәйкесінше) қаржы қорын молайтты. Егер Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтетін болса, тағы 12 миллион еуроға кенелетін болады. Ал плей-офф кезеңінде сүрініп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне түссе 2,4 миллион еуроға ие болады. «Астана» плей-оффта жеңіліс тапқан жағдайда да Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығатыны анық. Сондықтан да 2,4 миллион еуро елордалық клубтың уысында деп айтуға негіз бар. Сондай-ақ топтық кезеңдегі әр тең ойын мен жеңіске де ақшалай сыйақы беріледі.
Еуропа лигасын бірінші кезеңнен бастаған Алматының «Қайраты» 630 000 еуро көлемінде сыйақыға ие болды. Плей-офф кезеңінде қос ойын қорытындысы бойынша қарсыластарынан басым түссе, 2,4 миллион еуроға ие болады. Ал жарысты аяқтар болса, 230 000 еуро алады.
Еуропа лигасын бірінші кезеңнен аяқтаған «Ақтөбе» мен «Ордабасы» да сыйақыдан құр алақан емес. Қос клубқа 200 000 еуродан бұйырды.
Айта кетейік, жаңа маусымда Чемпиондар лигасының жүлде қоры 25 %-ға жоғарылады. Осыған дейін 380 миллион еуро болса, келер маусымнан бастап бұл додаға қатысушыларға 1,5 миллиард еуро таратылатын болады. Ал Еуропа лигасының жүлде қоры 380 миллион еуроны құрайды. Бұл сыйақылар алдағы үш маусымға жоспарланған.
О. Сансызбай