- Негізгі бет
- Бұл қызық
- «Алтын бутсы» тарихындағы...
«Алтын бутсы» тарихындағы дау немесе 1987 жылғы румындардың алаяқтығы
1987 жылы Румынияның «Динамо Бухарест» клубының шабуылшысы Родион Кэмэтару Кәрі құрлықтағы ең үздік мергенге тапсырылатын «Алтын бутсы» сыйлығын алды. Футболшы бір маусымда 44 рет қақпаны дәл көздеп, бұл ретте басты үміткер болған аустриялық Тони Польстерді артта қалдырған. Бірақ кейін Родион Кэмэтару бұл жеңісіне алаяқтықпен қол жеткізгендігі мәлім болды. Оқиға былай болған...
1987 жылы Родион Кэмэтару маусымды соншалықты сәтті бастаған жоқ. Румыния чемпионатының аяқталуына 10 тур қалған кезде ол Еуропа сұрмергендері түгіл, ішкі чемпионаттың үздік шабуылшылары қатарында да жоқ еді. Бірақ маусымның соңы ертегідей аяқталып, футболшы 6 ойында 20 гол соғады.
Румыния чемпионаты басқалардан кеш аяқталатыны себепті, «Динамо» бапкері Мирча Луческу мен команда Кэмэтару Еуропаның үздік сұрмергені болуы үшін қанша доп соғу керек екендігін білетін. Олар мұны дер кезінде пайдаланбақшы болды.
Сол уақытта «Оцелул» клубының бас бапкері болған Иоан Здробиш жақында Румыния телевидениесіне берген сұқбатында барлық алаяқтыққа Мирча Луческу мұрындық болғанын айтты.
«Бізбен болған ойында есеп 3:3 болды. Кэмэтару жоспар бойынша хет-трик жасады. Бұл екі клубтың өзара келісімі еді. Қазір мен бұл қойылымға қатысқаныма өкінемін. Бірақ, сол кезде келіспеудің де амалы жоқ еді. Мен мәжбүр болдым. Мирча 4-5 футболшысымен біздің киіну бөлмемізге кірді. Біз сол жерде не істеу керектігімізді келісіп алдық», – деді Иоан Здробиш.
France Football тарапынан сыйлықты тапсыру кезінде дау болған. Еуропа чемпионатының екінші сұрмергені Тони Польстер «Күміс бутсыны» алудан бас тартып, Кэмэтару алаяқтықпен гол соққанын мәлімдейді. Себебі руминиялық шабуылшы соңғы 3 турда 15 доп соғып, әне-міне алтын бутсыны алайын деп тұрған Польстерден озып кетеді.
Кейін France Football мұнда бір шикілік барын байқап, тексере келе ойындар келісіліп өткізілгенін анықтайды. Нәтижесінде «Алтын бутсы» Родион Кэмэтарудан алынып, Тони Польстерге қайта тапсырылады.
Бір қызығы осы оқиғадан ешкім сабақ алмайды. 1988 жылы «Галатасарай» шабуылшысы Танжу Чолак 39 гол соқты, 1989 жылы «Динамо Бухарест» клубының шабуылшысы Дорин Матеуц 43, Болгарияның ЦСКА клубының шабуылшысы Христо Стоичков 38, 1991 жылы «Црвена Звезда» шабуылшысы Дарко Панчев 34 гол соғып «Алтын бутсыны» иеленеді.
1992-96 жылдары бұл сыйлық ешқандай футболшыға тапсырылмайды. Себебі 1991 жылы Кипр футбол федерациясы "Биыл біздің футболшымыз бұл сыйлыққа лайық болды" деген дау шығарады. Осыған байланысты «Алтын бутсы» иегерін анықтау, тапсыру рәсімі 4 жыл бойы тоқтап тұрады. Бірақ, Adidas компаниясы үздік сұрмергенге берілетін сыйлықты өз бетінше жалғастырған. Аталған 4 жылда шотландиялық футболшы – Алли Маккойст 2 рет (1992-93 жылдары 34 голдан соққан) және уэльстік Дэвид Тейлор (1994 жылы 43 гол), армениялық Арсен Аветисян (1995 жылы, 39 гол) грузиялық Звиад Энделадзелер (1996 жылы, 40 гол) бір реттен Adidas-тың сыйлығын алады.
Тек, 1997 жылы «Алтын бутсы» сыйлығы қайта марапатталатын болып, жаңа ереже енгізіледі. Ереже бойынша соғылған голдар коэффицентке көбейтілетін болады. Жаңа ережеге сәйкес сол кездегі Барселона шабуылшысы Роналдо бір маусымда 34 гол соғып, оны екіге көбейткенде 68 коэффицент жинап «Алтын бутсыға» ие болды.
Т. Раушанұлы