Голды аппарат тіркейтін болды

2014 жылы Бразилияда өтетін футбол чемпионатында голдарды арнайы құрылғы тіркейтін болды деп ресми түрде Халықаралық футбол федерациясы мәлімдеді.

Бұл құрылғы Жапонияда арнайы тексерістен өтіп, нәтижесі сәттілікпен аяқталды. Мұнда өткен әрбір ойында аппарат (GLT) әрбір голды дәлме-дәл тіркеп отырған.

Арнайы лицензияны тек Hawkeye және GoalRef деп аталатын екі құрылғы алып отыр. Әйтсе де, тендер әлі де ашық. Бұл дегеніңіз әлі де мұндай аппараттарды тіркеу жалғасады деген сөз. Ендігі тәжірибелік жұмыстар Бразилияда өтетін конфедерация кубогын сарапқа салған кезде болады. ФИФА әлемдегі барлық стадиондарға осындай құрылғы қоюға ниеттеніп отырғаны да белгілі болды.

Расында да, қақпа сызығын басып өткен допты тарихта есептемеген жағдайлар өте көп болғанынан хабардармыз. Соңынан үлкен даулардың да шығуы футболсүйерлердің көкейінде жүрген мәселеге айналған еді. Бұдан кейін ФИФА президенті Йозеф Блаттер голдың соғылған-соғылмағанын дер кезінде анықтайтын электронды тіркеу жүйесін іске қосу туралы ойды құптаған еді.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: furfurmag.ru