Спорт әлеміндегі қатігез жандар

Тақырыпты оқып таңданып қалған боларсыз? Иә, иә ондай да адамдар бар екен. Жақында ESPN басылымы спорт әлеміндегі ең қатігез жандардың тізімін жариялады. Оны Head in the Game подкастын тыңдаушылар арасында дауыс беру бойынша анықтаған.

Тізімге енгендер арасында спортшылармен қатар жаттықтырушылар да бар. Қатігез деп бағалануы - спорт алаңындағы тәртіпсіздігі мен қыңыр мінездеріне қатысты болса керек. Себебі тізімге енгендердің барлығы дау-жанжалға жақын қызуқанды жандар.

Сонымен спорт әлеміндегі қатігез жандар тізімін Уругвай ұлттық құрамасы мен "Барселона" клубының шабуылшысы Луис Суарес бастап тұр. Ол ойын кезінде бір емес, бірнеше рет қарсыласын тістеп алып, атағы шыққан еді. Әсіресе 2014 жылғы әлем чемпионаты кезінде Италия құрамасына қарсы ойында қорғаушы Джорджо Кьеллиниді тісімен иығын қыршып алғанын жанкүйерлер ұмыта қоймаған болар. Осы қылығы үшін футболшы 4 ай жарыстардан шеттетіліп, ұлттық құрама сапында 9 ойынға қатыспайтын болып жазаланған. Жанкүйерлер осы тәртіпсіздігі үшін оны "қатігез" деп санаса керек.

Екінші орынға футболшы әрі жаттықтырушы Джоуи Бартон орналасқан. Ағылшындық бұл спортшы да талай дау-жанжал жасағандар қатарында. Сондай-ақ алғашқы үштікке әлем таныған америкалық боксшы Майк Тайсон енген. Оның 1997 жылы жекпе-жек кезінде Эвандер Холифилдтің құлағын тістеп алғанын көпшілік жақсы білсе керек.

"Қатігез" спортшылар ондығы:

1. Луис Суарес (футбол)
2. Джои Бартон (футбол, жаттықтырушы)
3. Майк Тайсон (бокс)
4. Жозе Моуринью (футбол, жаттықтырушы)
5. Диего Коста (футбол)
6. Флойд Мейвезер-кішісі (бокс)
7. Серхио Рамос (футбол)
8. Дэвид Уорнер (крикет)
9. Диего Марадона (экс-футболшы, жаттықтырушы)
10. Рой Кин (экс-футболшы, жаттықтырушы)