УЕФА Кубогі. «Қайрат» үздік төрттіктің қатарында

Алматылық «Қайрат» шағын футбол командасы УЕФА Кубогінде «төртеудің финалына» шықты. Сербия жерінде біздің команда барлық қарсыластарын жеңіп, жүз пайыздық көрсеткішпен бірінші орын иеленді. Енді 2013 жылдың сәуір айында алматылық команда «төртеудің финалында» тбилисилік “Иберия - Стар”, мәскеулік “Динамо” және УЕФА Кубогінің былтырғы жылғы жеңімпаздары испаниялық «Барселона» командаларымен күш сынасатын болады.

«Тобымызда өнер көрсеткен “Слов-Матик”, “Эра-Пак” және “Экономац” командалары оңай шағылатын жаңғақ емес. Әрбір команда УЕФА Кубогінде кем дегенде бір мәртеден қатысқан. Сондықтан біз әрбір ойынға тыңғылықты дайындалдық. «Қайрат» сапында Жоан, Лео Сантана және команданың қақпашысы Игитаны ерекше атап кетуге болады. Жалпы біздің команданың ойыны осы үш жігітен құралды. Енді алдағы жылғы «төртеудің финалына» дайындаламыз», - дейді «Қайрат» командасының вице-президенті Андрей Мищенко.

Сондай-ақ, «Қайрат» шағын футбол командасының үш ойыншысы Игита, Жива және Лео Қазақстан азаматтығы алу үшін құжаттарын тапсырып қойды. Бұл туралы Vesti.kz спорт порталы алматылық команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Үш ойыншы да Қазақстан аумағында бірнеше жылдан бері тұрып келеді. Сондықтан олардың Қазақстан азаматтығын алуға мүмкіндіктері бар. Төлқұжатқа тапсырыс берген ойыншылар алдағы уақытта тек «Қайрат» командасына ғана көмектесіп қоймай, шағын футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасына да әлем біріншілігіне іріктеу аясында көмектесе алатын болады.

Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: kairat-futsal.kz