"Реал" "Барселонаның" 73 жыл бойы өзгермеген рекордын жаңартты

Мадридтік "Реал" каталондық "Барселонаның" 73 жыл бойы өзгермей келген рекордын жаңартты. "Лас-Пальмаспен" өткен ойында "корольдік клуб" 45 ойын қатарынан гол соққан алғашқы испандық команда атанды.

"Барселона" 1942 жылдың қарашасы мен 1944 жылдың ақпан айына дейін аралықта барлық турнирлерде 44 ойын қатарынан гол соққан. Одан кейінгі аралықта бірде-бір команда бұл рекордты жаңартпаған. Араға 73 жыл салып бұл рекордты жаңартуға Зиннедин Зидан командасының шамасы жетті.

"Реал" соңғы рет 2016 жылдың сәуір айында "Манчестер Сити" қақпасына гол соқпаған. Одан бергі ойындарының барлығында гол соғып келеді.

Айта кетейік, түнде өткен ойында "Реал" өз алаңында "Лас-Пальмаспен" 3:3 есебімен тең ойнады. Нәтижесінде турнирлік кестеде екінші орынға сырғыды. Дегенмен команданың әлі бір артық ойыны бар.