«Ақтөбе» футболшылары миллиондап жалақы алған

Қазақстанда футболшылардың миллиондап жалақы алатын айтылып келгенмен, көп тұсы жұмбақ болатын. Бүгін «Ақтөбе» командасының ойыншылары осы маусымда қанша жалақы алып келгені ресми сайтында ашық жарияланды.

Команда сапындағы ең жоғары жалақыны Алексей Щеткин алып келген. Оның айлық жалақысы 9 миллион теңге екен. Ал маусым басында команда капитаны болғаны Самат Смақовтың айлығы 6 миллион теңге болған. Екінші ойыншы да маусым аяқталмай өзге клубтарға ауысып кеткен болатын.

Легионерлер арасында ең көп жалақыны Никита Бочаров алып келген. Ресейлік ойыншы айына 2,5 миллион теңге шамасында жалақы алып тұрған. Ал команданың бас жаттықтырушысы Юрий Уткульбаевтың айлығы 3,5 миллион теңге болған.

- «Ақтөбе» клубы ашық саясат ұстана отырып, команда келісімшартқа қол қойған ойыншылардың агенттері, ауысымы және өсім төлеміне байланысты ақша шығындаған жоқ. Келісімшарттың барлығы теңге бойынша түзілген.

Премьер-лигада кем дегенде 9 команданың жалақылары «Ақтөбенікінен» жоғары, - делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ команда осы маусымда тапқан табысының көлемін де жариялады. Клуб бұл маусымда 132 263 846 теңге табысқа кенелген.

Айта кетейік, «Ақтөбе» 29 қазан күні аяқталған ел премьер-лигасының қорытындысы бойынша алғашқы алтылыққа еніп, 6-орын алған еді.