Мессидің голы үздік болып танылды (видео)

Мессидің голы үздік болып танылды (видео)
Фото: uefa.com

Каталондық «Барселона» клубының шабуылшысы Лионель Месси өткен маусымдағы (2015/2016) ең үздік голдың авторы атанды. Бұл туралы УЕФА-ның ресми сайты хабарлады.

2015/2016 жылғы маусымның ең үздік голы Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) ресми сайтында жүргізілген дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды. Аргентиналық сұрмергеннің Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Рома» клубының қақпасына соққан голы сауалнамаға қатысушылардың 34% дауысына ие болған. Нәтижесінде үздік деп танылды.

Сауалнама ұйымдастырушылар үздік голға үміткер 10 голды ұсынған болатын. Екінші орынды Португалия футзал құрамасының ойыншысы Рикардинью иеленген. Ол сауалнамаға қатысушылардың 13 % дауысына ие болған.

Ал Швейцария құрамасының ойыншысы Шердан Шакиридің голы үштікке енген.  

О. Сансызбай