Неміс теннисшісі бір ойындағы эйстер саны бойынша рекорд орнатты (видео)

Халықаралық аренада Германияның намысын қорғап жүрген теннисші Сабина Лициски WTA жаңа рекордын орнатты. Ол бір ойында 27 эйсті сәтті орындады.

Сабина Лициски Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) рекордын Бирмингемдегі турнирде тіркеді. Ол швейцариялық Белинда Бенчичке қарсы кездесуде 27 эйс орындады. Неміс теннисшісінің жойқын соққыларын қарсыласы көп тұста қайтара алмады. Бірінші сетте Сабина 16 эйс орындаса, екінші сетте 11 рет қарсыласын қапы қалдырды. Сондай-ақ, осыған дейінгі соққысы ең жойқын теннисші рекорды да Сабина Лицискиге тиесілі. Неміс қызы бұл рекордты (210,8 км/с ) 2014 жылы тіркеген болатын.

Бір ойындағы эйстер саны бойынша осыған дейінгі рекорд америкалық Александре Стивенсон еншісінде еді. Ол 2013 жылы Квебекте (Канада) өткен турнирде 25 эйс орындаған.

Айта кетейік, сәуір айында Штуттагарттағы жарыста отандасымыз Зарина Диас неміс теннисшісін екі сетте де 6:0, 6:0 нәтижелерімен ойсырай ұтқан болатын.