Қытай футболдан әлем чемпионатын өткізуді мақсат тұтуда

Қытай футболдан әлем чемпионатын өткізуді мақсат тұтуда

Қытай Халық Республикасының басшысы Си Цзиньпин алдағы уақытта футболдан әлем чемпионатын өз елінде ұйымдастыруды мемлекеттің басты жоспарларының қатарына енгізді. Бұл туралы АҚШ-тың ESPN телеарнасы хабарлап отыр.

Қытай мемлекетінің басшылығы өз елінде әлем чемпионатын өткізу - елдің ішкі чемпионатының деңгейін көтеріп қана қоймай, жастардың футболға деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізетініне сенім артуда. Нәтижесінде алдағы жылдары қалай да болмасын әлем чемпионатын өткізуге барынша таласып көрмек. Себебі, әлемде халық саны бойынша бірінші орында тұрған елдің құрамасы әлем чемпионатының негізгі кезеңіне бір-ақ рет жолдама алған (2002 жыл) екен.

Қытай Халық Республикасы соңғы жылдары елде футболдың дамуына көп көңіл бөлуде. Теңбіл доптың әліппесін мектеп табалдырығынан бастап үйретпек. Яғни, қытайлықтар футболды мектептегі негізгі пәндердің қатарына енгізгелі жатыр. Сонымен қатар, 2017 жылғы дейін елде 20 000-нан астам футбол алаңдарын салуды жоспарлап қойған.

Айта кетейік, футболдан 2018 жылғы әлем чемпионаты Ресейде болса, 2022 жылғы доп додасы Катарда өтеді. 2026 жылғы әлем чемпионатын өткізуге Қытай елі де таласып көруі мүмкін. Ал осыған дейін Қазақстан футбол федерациясын Әділбек Ниязымбетов басқарып тұрғанда, Қазақстанның да 2026 жылғы әлем чемпионатын өткізуге ниет білдіріп көретіні туралы айтылған болатын. 

Сурет: sports.ru

Оқи отырыңыз

Қытайлықтар футболды мектептің міндетті пәндері қатарына қоспақ

Қазақстан 2026 жылы Футболдан әлем чемпионатын өткізуге ниетті

"Барселона" футболшыларының жалақылары қанша?

«Барселона» ойыншылары футболдан өзге қандай кәсіппен айналысады?

О. Сансызбай