Роналдуды Мароккода қанша күзетші қорғайды?

Кеше Мароккода футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионаты басталды. Бұл додаға Еуропа құрлығы атынан өткен маусымда Чемпиондар лигасын жеңіп алған «Реал» қатысады.

«Корольдік клуб» Мароккоға 14 желтоқсан күні ат басын бұрады. «Morocco World News» басылымы таратқан ақпарат бойынша, испандық ұжым жарысқа өздерімен қоса 40 күзетші алып барады екен. Ал оның 5-еуі Криштиану Роналдуды қорғайды. Күзетшілер команданың дайындық кезінде, пресс-конференциялар мен түрлі іс-шараларда қауіпсіздігін қадағалайтын болады. Сонымен қатар, клуб Марракештегі «Four Seasons» қонақүйін толықтай жалға алған. Команданың әрбір мүшесі жеке нөмірлерге тұрақтайды.

«Реал» турнирдегі алғашқы кездесуін мексикалық «Крус Асуль» мен аустралиялық «Вестерн Сидней Уондерерс» командаларының жеңімпазымен өткізеді. Ал жарыс 20 желтоқсанға дейін созылады.

Клубтар арасындағы әлем чемпионаты - жыл сайын ұйымдастырылып тұратын ірі жарыстардың бірі. Алты құрлық қауымдастықтарының үздік ұжымдары қатысатын жарыс биыл 11-ші рет өткелі отыр. Өткен жылы мюнхендік «Бавария» қарсылас шақ келтірмеген болатын. Ал жарыс тарихында ең көп жеңімпаз атанған клубтар – «Барселона» мен «Коринтианс». Бұл ұжымдар екі реттен жеңімпаз тұғырынан көрінген.

Сурет: eluniversal.com.co