Кейлор Навас Испания азаматтығын алды

Мадридтік «Реалдың» коста-рикалық қақпашысы Кейлор Навас Испания азаматтығын алды. Бұл туралы «корольдік клубтың» ресми сайты хабарлап отыр. 

Кейлор Навас Испания азаматтығын алу ісіне 2013 жылы «Левантеде» ойнап жүрген кезінен бастап кіріскен. Сайт ақпараты бойынша, жақын күндері оның өтініші қанағаттандырылып, азаматтық алуға рұқсат берілген. Негізінен, Испанияда өнер көрсететін футболшылардың көп бөлігі аталған елдің азаматтығын алуға ұмтылады. Өйткені, командалар жалақысы жоғары болғанмен, легионерлер үшін елге төлейтін салық мөлшері де аз емес.

27 жастағы қақпашы осы маусым басында «Реал» сапына ауысқан еді. «Корольдік клубтың» бұл қақпашыға көз салуының да себебі жоқ емес. Кейлор Навас Бразилиядағы әлем чемпионатында өзін тамаша қырымен таныта білді. Коста-Рика құрамасымен «мундиальдың» ширек финалына дейін жеткен еді. Ал бұл маусымда «Реалдың» қосалқы құрамында ойнап келеді.

Сурет: eurosport.ru