«Барселона» жейдесінің дизайнын өзгертеді

Каталондық «Барселона» футбол клубы келер маусымда ойын жейделерінің дизайнын өзгертпек. Бұл туралы испандық спорт басылымдары хабарлап отыр.

Sport.es порталының хабарлауынша, қазіргі таңдағы клуб жейдесіндегі тігінен орналасқан сызықтар көлденеңінен орналаспақ. Ал сырт алаңда өтетін ойындарда киетін жейделері сары түсте болып, артқы бөлігі Каталонияның Туы іспеттес түспен тігіледі. Қазіргі таңда клубтың президенті Хосеп Бартомеу жаңа жейденің дизайнын толықтай бекітіп, техникалық демеушілері «Nike» компаниясына тапсырыс беріп те үлгерген көрінеді.

Айта кетейік, Испания ла-лигасының ХІІІ тур қорытындысы бойынша «Барселона» ішкі біріншілікте мадридтік «Реалдан» екі ұпай аз жинап, екінші орында келеді.

Сурет: sport.news.am