Еуропаның танымал клубтары ФИФА-ға хат жолдады

Еуропаның танымал футбол клубтары Халықаралық футбол федерациясы қауымдастығына (ФИФА) 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатының уақытын өзгерту туралы өтініш білдірді. Бұл туралы еуропалық футбол клубтарының қауымдастығы (ECA) хабарлап отыр.

Жақында ФИФА президенті Йозеф Блаттер Катарда өтетін дүбірлі доданы жаз кезінде ауа-райының аптапты болуына орай қараша-желтоқсан айларында өткізуді жөн деп санаған болатын. Бірақ, әлем чемпионатының бұл айтылған уақытта өтуін Еуропаның танымал клубтары қолдап отырған жоқ. Олар дүбірлі доп додасын көктемде өткізуді қалауда. Қазіргі таңда 2022 жылғы Катарда өтетін әлем чемпионатының нақты уақытын белгілеу ФИФА-ның күн тәртібінде бірінші тұрған мәселе болып отыр. Егер «мундиаль» қыс мезгілінде өтер болса, ақ Олимпиада ойындарымен сәйкес келіп қалмақ. Сондықтан бұл уақыт та Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан наразылыққа ие. ФИФА болса нақты уақытты белгілейтін кез туралы жақ ашып, мардымды жауап айтуға асығар емес.

Сурет: arabianbusiness.com