Это’О 5 млн долларлық автопаркін Лондонға көшірді

Лондондық «Челсидің» жаңа ойыншысы Самуэль Это’О өзінің әлемдегі ең қымбат төрт көлігі арқылы клубтағы әріптестерінің таңдайын қақтырды, деп жазады The Daily Mail сілтеме жасаған Vesti.kz тілшісі.

Жақында «ақсүйектер» жаттығатын Кобхэмдегі базада камерундық футболшының төрт қымбат көлігі бой көрсетті. Олар Bugatti Veyron, Aston Martin One-77, Maybach және Aston Martin V12 Zagatо тұлпарлары. Осылайша оның автопаркінің құны бес миллион еуроға бағаланып отыр.  

Осыған дейін де футболшы көліктерге қатты қызығатынын айтып қалған болатын: «Мен өзімде бірнеше қымбат көлік болғанын қалаймын. Онда тұрған ешнәрсе де жоқ. Мен адамдарды шаттыққа бөлеу үшін, алдымен өзім қуануым керек»,-деген еді.  

Естеріңізге салсақ, Это’О осыған дейін махачкалалық «Анжи» қатарында топ тепкен болатын. Бейресми ақпараттар бойынша сол кездегі футболшының жалақысы жылына 20 миллион еуроны құраған. Бұл оны әлемдегі ең табысы мол футболшы еткен еді.

Ал қазір ол «Челси» сапында бір маусым үшін 6 миллион еуроны қанжығасына байлайды. Әзірге Это’О өзінің жаңа ұжымы қатарында гол салып көзге түсе қойған жоқ. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Cурет: vesti.kz