- Негізгі бет
- ҰБТ 2014
- ҰБТ. Темпераментке қарай...
ҰБТ. Темпераментке қарай мамандық таңдау керек
Мамандық таңдау – әр түлек жасауы тиіс маңызды қадам. Мамандықты зияткерлік қабілет пен қызығушылыққа байланысты ғана емес, психологиялық мінездемені ескере отырып та таңдау қажет. Жұмыста зерігіп немесе шаршап отырмас үшін темпераментке қарай мамандықты қалай таңдау керек? Саралап көрейік.
Алдымен сіздің бойыңызда қандай типтегі темперамент басым екенін анықтап алайық. Психологтар темпераменттің төрт түрін ерекшелейді: холерик, сангвиник, флегматик, меланхолик.
Егер сіз өзіңізді көшбасшы санасаңыз, әрдайым алдыңғы шепте жүретін және ешқандай қиындықтардан қорықпайтын, кедергілерді оңай жеңетін адам болсаңыз, онда сіз – холериксіз. Холериктер өзіне сенімді, өз мүмкіндіктерін асыра бағалауға құмар. Мұндай темпераментті адамдар тұрақсыз келеді, бірақ дарынды. Олар бәрін тез қағып алады, тез үйренеді және жұмысқа тез кірісіп кетеді, бірақ қолға алған жұмысын аяқсыз қалдыратын әдеті бар. Мұндай адамдар тәуелсіздікке құмар және бағынышсыз өмір сүруді қалайды.
Холериктер өз қабілеттерін көрсететін, қайсарлық пен табандылықты қажет ететін қызметтерді жақсы атқарады. Темпераменті мұндай типтегі адамдарға күйзеліс атауы таныс емес және өз-өздерін тез қолға алады. Холерик бір сарынды жұмысты атқара алмайды, біркелкілік оған мүлде жат. Егер мінезіңізде холериктік типтегі темперамент басым деп есептесеңіз, онда бухгалтерлік есеп-шот, офистік жұмыстар, кітапханашы немесе бағдарламашы сияқты мамандықтарға түспеңіз.
Темпераменті холерик типіндегі адамдарға әртүрлі, эмоционалды, әрдайым қимыл-қозғалысты қажет ететін жұмыстар жарайды. Мысалы, жүргізуші, ұшқыш, бапкер, диспетчер, тергеуші. Холериктерге көңіл-көтеру саласында күшін сынап көруге болады, мысалы, режиссер, бағдарлама жүргізушісі, телеоператор, тілші және т.б. Ащы және жаңа эмоциялар холериктерге қорқынышты емес, сондықтан олар хирург, геолог, өрт сөндіруші сынды мамандықтарды жақсы атқарады.
Егер сіздің темпераментіңіз аталып өткен мінездемелерден алшақ болса, сіз баяу қимылдайтын, бірақ қажырлы еңбек ететін және сабырлы адам болсаңыз, онда сіз – флегматиксіз. Темпераментінде флегматтылық тип басым адамдарға шешім қабылдау қиынға соғады. Бірақ еңбекқорлығының арқасында олар жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Флегматик көшбасшылыққа ұмтылмайды, сол үшін оларды көбі жігерсіз санайды. Темпераменті мұндай типтегі адамдарға тұрақтылық қажет.
Флегматиктер өз эмоцияларын жақсы басқарады және дау-жанжалға берілмейді. Олар күйзелісті жағдайларда сабырлы жұмыс істей алады. Флегматиктен тамаша экономист, есепші, немесе ғылыми қайраткер – физик, химик, астроном, математик шығады. Флегматиктер математикалық ойлау қабілетімен ерекшеленеді, сондықтан мұндай мінезді адамдарға механик, программист, инженер, архитектор, электрші сынды мамандықтар жарайды.
Ал сангвиниктер жұмыстың қиындығына қарамай, бірнеше жұмысты бір уақытта атқара алатынымен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленеді. Сангвиниктер – табиғатынан басшылар. Олардан ең әділетті және сезімтал басшылар шығады. Мұндай темпераменттегі адамдар кез келген адамды көндіріп, бауырына тарта алады.
Сангвиниктер кез келген салада өзін таба алады, бірақ бір сарынды жұмыстан тез шаршайды. Сангвиниктер адамдармен жұмыс жасайтын қызметтерді жақсы атқарады, олардан тамаша психологтар, мұғалімдер, сонымен қатар дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, менеджерлер мен ұйымдастырушылар шығады.
Егер аталып өткен мінездемелердің әрқайсының сізге қандай да бір қатысы болса, көңіл-күйіңіз құбылмалы, тұрақсыз, бірақ тез бейімделгіш болсаңыз, онда сіз – меланхоликсіз. Меланхоликтер өте сезімтал адамдар. Оған қоса аңғарымпаз және зерек келеді.
Меланхоликтерге адамдармен жиі араласуды, әрдайым күйзеліс жағдайында қызмет етуді талап ететін, мысалы, хирург, ұшқыш, өрт сөндіруші, диспетчер, құтқарушы, психолог сынды жұмыстардан өзін аулақ ұстауы қажет. Меланхоликтер көбіне өзін шығармашылық, гуманитарлық немесе ауылшаруашылық саласындағы мамандықтардан тауып жатады. Темпераментінің типіне байланысты оларға педагог (әсіресе бастауыш сынып мұғалімі), суретші, композитор, мал дәрігері, зоотехник, өнер қайраткері болу ұсынылады.
Психологтар адам мінезінде әр темпераменттің кем дегенде бір элементі болады деп есептейді. Мінезіңіз бен болмысыңызды зерделей отыра, темпераментіңіздің қандай типке жататынын анықтаңыз. Осылайша мамандық таңдауда да қателеспейтін боласыз.
Сурет: health4human.ru, www.psyho.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина