ҰБТ. Пилот болу үшін не істеу керек?

ҰБТ. Пилот болу үшін не істеу керек?

Біз осыған дейін «аспан қарлығаштары» - стюардессаларға кеңірек тоқталып, толық мәлімет берген болатынбыз. Ендігі кезекте аспанды шарлаған ұшақтарды басқаратын ұшқыштар немесе пилоттар жөнінде баяндамақпыз. Дәлірек айтсақ, бұл материалымызда «ұшқыш болғым келеді» деп армандаған жастарға қажет болатын кеңестерімізді беріп көрмекпіз. Сонымен қалай ұшқыш немесе пилот атануға болады?

Аспанды бағындыруды жоспарлаған адам ең бірінші кім болатынын нақты анықтап алуы керек. Яғни, ұшқыш па, әлде пилот па? Ұшқыш – әскери авиацияда қызмет ететін маман. Басқаша айтқанда, ұшқыш тек әскери ұшақтарды басқара алады. Ал азаматтық авиацияға қатысты ұшқыш сөзінің баламасы – пилот. Пилот керісінше әскери ұшақты басқара алмайды, оның негізгі ісі жолаушылар тасымалдайтын ұшақ штурвалы. Біз бүгін соңғы айтылған маманға кеңірек тоқталмақпыз.

Пилот болу құқығын сізге ұшу куәлігі береді (ұшу құқығы жөніндегі лицензия). Бұл куәлік көлікті басқару құқығы жөніндегі құжаттың баламасы. Ол сіздің ұшу жөнінде толық теориялық және тәжірибилік білім алғаныңызды, сол себепті өздігіңізден әуе кемесін басқара алатыныңызды айғақтайды. Сондықтан ұшу құқығы жөніндегі куәліксіз басқарушы әуе көлігіне жіберілмейді.

ук

Толыққанды пилот атану үшін сәйкесінше білім алып қана қоймай, медициналық тексерістен де өтесіз (яғни, сіздің денсаулығыңызда ешбір ақаудың болмауы шарт). Одан кейін барып теориялық және тәжірибелік емтихандар тапсырасыз. Сізге ең тиімді жол (әрине, оған уақытыңыз бен жас шамаңыз мүмкіндік берсе) – пилоттарды дайындайтын ЖОО, яғни азаматтық авиация академиясының «ұшақтарды басқару» факультетіне құжатыңызды тапсыру. Сондай-ақ, теориялық және тәжірибелік білімді аэроклубтарда да ала аласыз. Ескерте кететін жағдай, ЖОО-да мемлекеттік грантпен түсу мүмкіндігі бар, ал аэроклубтардағы дәрістер толықтай ақылы түрде өтеді.    

Оқуды аяқтағаннан кейін, медициналық тексеріс пен барлық емтихандарды сәтті өткерсеңіз, пилот куәлігіне ие боласыз. Көпшілік елдерде ұшу шеберлігі мен «ұшу құқығының» үш түрлі санаты болады. Оларды кезекпен алып отырасыз. Төменгі санатта тұрып бірден жоғары санатқа қол жеткізу мүмкін емес. Бұл жерде бір ерекшеліктің бар екендігін ескерте кетейік. Егер сіз азаматтық авиация академиясында толық курс оқып шықсаңыз, онда санаттардың берілуі басқаша болады.

Бірінші санат – бұл жекеменшік пилот. Яғни, әуесқой пилот. Шетелде оларға берілетін лицензия PPL (private pilot license) деп аталады. Әуесқой пилотқа коммерциялық қызмет жасауға құқық берілмейді. Ол тек аэроклубтардағы ұшақтарды немесе сатып алған жеке шағын ұшағын ғана басқара алады. Сондықтан, сіз егер коммерциялық рейстерде жұмыс жасайтын пилот болғыңыз келсе, кем дегенде коммерциялық пилот лицензиясына қол жеткізуіңіз тиіс.  

1

Ал егер сіз авиациялық жоғары оқу орнына түссеңіз, онда коммерциялық пилот куәлігі оқуды аяқтағаннан кейін беріледі. Ал аэроклубтарда сізге алдымен әуесқой пилот лицензиясы тапсырылады.

Коммерциялық пилот куәлігінің иесі (шетелдегі баламасы «commercial pilot license, CPL» деп аталады) барлық бағыттағы коммерциялық рейстерді басқарып ұша алады. Алайда ұшудағы аз тәжірибеңіз сізге белгілі межеден әрі асуға мүмкіндік бермейді. Мысалы, ұшақтағы экипаж саны екі не одан да көп болатын болса, коммерциялық пилот тек екінші пилот атана алады.

Ал жоғары санаттағы пилот құқығын иеленіп, ірі әуекомпаниялардағы алып ұшақтарды басқару үшін желілік пилот лицензиясы (airline transport pilot license, ATPL) қажет етіледі. Мұндай куәлік сіздің ұшу тәжірибеңіздің үлкен екенін, сол себепті кез келген коммерциялық рейсте командир немесе екінші пилот орнын баса алатындығыңызды дәлелдейді.

2

Одан бөлек, әр санаттың өз ішінде, мысалы, түнде ұшуға, бірнеше қозғалтқышты ұшу аппараттарын басқаруға және сол сияқты басқа да істерді атқаруға құқық беретін біліктілік деңгейлерінің бар екендігін айта кету керек.

Келтірілген кез-келген біліктілік деңгейінен өту үшін белгілі бір талаптарға сай болуыңыз қажет. Басты талап – бұл дайындық кезіндегі ұшу жөніндегі тәжірибеңіз. Ол ұшқан сағатыңызбен өлшенеді. Одан бөлек, приборлармен жұмыс істеу, түн мезгілінде қатесіз жұмыс жасау, ӘКК (әуе кемесінің капитаны) ретінде қызмет ете алу мүмкіндігіңіз де есепке алынады.  

Жас шамаңыз, теориялық біліміңіз бен денсаулық жағдайыңыз (оны медициналық анықтама растайды) - осылардың барлығы да көрсетілген талапқа сай болуы керек.

Сондықтан, ЖОО бітіре салып бірден коммерциялық әуекомпанияның үлкен әуе кемесіне отырамын деген түсінік мүлдем қате. Куәлік алу аса қиын да шаруа емес. Маңыздысы – ұшудағы тәжірибеңіз. Оны арттыруы үшін әдетте ақылы түрде ұшақ штурвалына отырып тәжірибеңізді шыңдайсыз.   

Бірақ соңғы кезде ТМД елдерінің әуекомпанияларында пилоттарға деген ұшудағы сағат талабы едәуір төмендеп жатыр. Оған себеп - Кеңес Одағында білім алып, қазір қызметте жүрген пилоттар санының біршама азайғандығы. Сондықтан, көптеген әуекомпанияларына жас пилоттар өте қажет болып отыр. Осы себепті де, олар осындай қадамға баруға мәжбүр.  

Егер сіз шетелдік компанияның пилоты атанғыңыз келсе, қажет білімді бірден сол жақта алғаныңыз абзал. Біріншіден, ол жақтағы мекемелердің пилоттарға қоятын талабы еліміздікіне қарағанда өзгеше. Екіншіден, бірінші отандық куәлікті алып сосын оны шетелдік лицензияға ауыстырғанша, бірден сол жақтың құжатына ие болу әлдеқайда тиімді әрі оңай.   

Шетелде білім алудың артықшылығы – ірі әуекомпанияларының өздерінің пилоттарды дайындайтын немесе тәжірибесін шыңдайтын мектептері бар. Ол жерде сіз 1,5-2 жылдың ішінде ATPL куәлігіне ие болып, бірден жұмысқа орналаса аласыз. Ол жақта сізге қажет ұшу тәжірибесі де арзанырақ.   

Кемшілігі – сіз ағылшын тілін еркін меңгерген болуыңыз қажет. Одан бөлек, әуекомпанияларының пилоттарға қоятын барлық шарттарына келісуіңіз керек.   

Байқағаныңыздай, пилот атану оңай шаруа емес, әйтсе де ол орындалмайтын армандардың қатарына жатпайды. Оны жүзеге асыру үшін сізге тек еңбекқорлық, ізденімпаздық, қажымас қайрат мен деніңіздің саулығы қажет.   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: orion72.net

Б. Қосмағамбет