- Негізгі бет
- ҰБТ 2014
- ҰБТ. Нұркен Аралбеков:...
ҰБТ. Нұркен Аралбеков: "Шетелде білім алу үлкен жауапкершілік артады"
Кеше ғана порталымызда Түркиядағы «Түркия бурслары» (Türkiye Bursları) бағдарламасы жайында мәліметтер жарық көрген болатын. Оқырмандар арасында қызығушылық танытып, қосымша мәлімет сұрағандар қатары көп болды. Бағдарламамен толығырақ танысу мақсатында «Түркия бурслары» білім грантының стипендиаты, Анкара қаласындағы Гази университетінің магистранты Аралбеков Нұркенмен әңгімелескен болатынбыз.
- Нұркен, «Түркия бурслары» бағдарламасымен оқып жатқан қазақ жастарының бірісің. Бұл бағдарлама туралы алғаш қайдан естідің?
- 2012 жылы Түркияда халықаралық жастар форумы өтті. Сол форумға Қазақстан атынан жіберілген он адамның бірі ретінде мен де қатыстым. Сол кезде Түркияда оқып жатқан қазақ жастарынан «Түркия бурслары» бағдарламасы жөнінде естіп білдім. Апталық аясында өткен іс-шаралардың бірі «Түркия бурслары» бағдарламасына арналды. Министрліктің жауапты адамдарынан толығырақ мәлімет алып, елге оралдым.
Елге келгесін құжаттармен айналыстым. Ол кезде бірінші кезеңдегі онлайн тіркелу мамыр айында болды. Шілдеде екінші кезең бойынша Алматы қаласындағы Түркия елшілігіне шақыртылдым. Екі кезең өткеннен кейін қыркүйек айында қорытынды шықты. Қосымша қажет құжаттарды жинастырдым. Екі аптадан соң ұшатын күндерім белгілі болып, билетімнің нөмірін жіберді. Осылайша Анкараның Гази университетінің магистранты атандым.
- «Түркия бурслары» бағдарламасы жөнінде толығырақ айтып өтсең...
- Кеше ғана сіздің порталда жазылғандай, «Түркия бурслары» бағдарламасы бес сала бойынша (Білім және технология, Әлеуметтік білімдер, Медицина ғылымдары, Теология, Түрік тілі) білім гранттарын береді. Бұл бес саланың түрлі мамандықтарды қамтитынын жақсы білесіздер.
Бұл бағдарламаның тарихы тым әріде жатыр. Түркиядағы түрлі білім гранттары мен бағдарламаларды, шәкіртақыларды бір арнаға тоғыстырудың нәтижесінде дүниеге келді. 2012 жылдан бастап онлайн тіркелу басталды. Біз бұл бағдарламаға алғашқы тапсырғандардың қатарынанбыз. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Түркі халықтарының басын қосу. Түркі тілдес халықтардың бірігу идеясын алға тарта отырып, жастарға сапалы білім беруді мақсат тұтады. «Түркия бурслары» бағдарламасы бойынша Түркияда шамамен 450-500-дей қазақ студенті білім алып жатыр. Тек гуманитарлық, техникалық салалар бойынша емес, әскери мамандықтар бойынша оқып жатқан жерлестеріміз бар.
Өзің де білесің, XXI ғасыр бәсекелестіктің заманы. Өз басым елде университет бітіріп қана қоймай, қосымша сырттай екінші мамандық та алдым. Алайда магистратура оқу керек болды. Ал оны мүмкіндік болса шетелде оқыған әлдеқайда тиімді еді. Ел көріп, жұрт көріп, тәжірибе жинауды қаладым. Оқыған білгенімізді елге әкеліп, кәдеге асырып жатсақ жақсы емес пе?!
Бұл бағдарлама бакалавр, магистратура, докторантураға білім гранттарын беретінін айтып өттік. Студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, шәкіртақы бакалаврға - 550 TL, магистратураға - 800 TL, докторантураға - 1100 TL және тегін жатақхана, екі мезгіл (таңғы және кешкі) тегін ас беріледі. Оқуға алғаш келу мен оқу бітіріп қайтқандағы ұшақ билеті де тегін.
- Түркияда оқу үшін түрік тілін білу қажет пе?
- Алғаш құжат тіркеген кезде «Түрік тілін білесіз бе?» деген сұрақ қойылады. Егер білмеймін десеңіз, бір жыл түрік тілін үйренесіз. Ол кезде де шәкіртақыңыз жүріп отырады. Бір жыл бойы түрік тілін үйреніп, келесі жылдан бастап негізгі мамандығыңыз бойынша білім алуды бастайсыз. Ал түрік тілін жақсы білсеңіз, арнайы сынақ тапсырасыз. Оқуға түсудің негізгі шарттары бойынша мектеп бітірген түлектердің аттестаты мен ҰБТ-ден алған көрсеткіші орта есеппен 75%-дан жоғары болуға тиіс. Магистратура мен докторантураға тапсырушылардың да диплом бағасы (GPA) 75%-дан жоғары болу керек. Талапкердің жеке жетістіктері де үлкен рөл ойнайды.
Онлайн тіркелу кезінде 12 жоғарғы оқу орнын таңдауға мүмкіндік беріледі. Анкара, Ыстамбұл, Измир секілді қалаларда студенттер көп шоғырланғандықтан, ол жерлерден тек екі оқу орнын таңдай аласыз.
Екінші кезең яғни, ауызша сынақ (әңгімелесу) Қазақстанда өтеді. Алдын ала сізден «Алматы мен Астана қалаларының қайсынан өтесіз? Қай қала сізге жақын?» деп сұралады. Өзіңізге ыңғайлы қаланы таңдай аласыз.
- Бағдарламаның негізгі бір талаптары бар ма? Мысалы, оқу үлгерімі нашарлап кетсе, не болады?
- Мен өзім магистратурада оқитын болғандықтан жеке басыма қатысты айтайын. Негізі бакалавр, докторантурада да осындай. Бірінші жыл келесіз, бір жыл бойы тіл үйренесіз. Екінші жылдан бастап өз мамандығыңыз бойынша білім ала аласыз. Үшінші жыл дипломдық жұмысқа арналады. Бұл жақта сабақ пен дипломдық жұмысты араластырмайды. Студент дипломдық жұмысын сапалы жазу үшін, осындай мүмкіндік берілген. Бұл әрине, үлкен жауапкершік. Бағдарламаның шарты бойынша, әр семестрді бітірген соң, сабақ үлгерімін анықтайтын құжатты министрлікке тапсырып отырамыз. Егер бағаң 60%-дан төмен болатын болса шәкіртақың кесіледі. Ал егер одан әрі сабақты оңдыра алмасаңыз толықтай шәкіртақыңызды, жатақханаға төленетін қаржыны тоқтатады.
- Түркияның білім жүйесі қандай?
- Түркияның тәуелсіздік алғанына тоқсан жылдан астам уақыт болды. Ал, бізге жиырма жылдан енді асты. Әрине, бұл жақтың жүйесі басқа. Мойындау керек, бүгінгі таңда Түркияның экономикалық әлеуеті мықты. Білім жүйесі еуропалық стандартқа сай. Бұл елде студенттер тек өзі үшін оқиды. Оқытушылар жоғары талап қояды. Студенттің үй жұмысы сапалы болуын қадағалайды. Соған сай тиісті бағасын қойып береді.
- Бұл жақта өмір сүру қиындық тудырмай ма?
- Мен мысалы 800 лира шәкіртақы аламын. Долларға шаққанда $380 шамасында болады. Бұл қаржы мен үшін жеткілікті. Себебі, ең бастысы тегін жатын орным бар, екі мезгіл тегін тамақ ішемін. Өздеріңіз білетіндей Түркияда киім жағы аса қымбатқа түспейді.
- Жастар үшін шетелде оқудың пайдасы қандай?
- Шетелде оқу жастарға тәжірибе береді. Тек қана маман болып емес, адам болып қалыптасуда өмірлік тәжірибе болады. Жеке өмір сүруге үйретеді. Бастысы жауапкершілікті арттыра түседі. Сенің мына жақтағы кішкентай бір қателігің үшін күллі бір ұлттың атына кір келу мүмкін. Ол өз еліңдегідей кешірімді болмайды. Бұл жақтағы түрлі ұлт өкілдері саған қарап «қазақ» деген елді таниды. «Қазақстан» туралы пікір қалыптастырады. Сондықтан да ақырын жүріп, анық басу қажет.
- Болашақта қандай жоспарларың бар?
- Мен қазір Түркияда «саясаттану және әлеуметтік білімдер» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Қазақстанда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Саясаттану бөлімін бітірдім. Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық Институты Жастар комитетінің төрағасы болып жұмыс істедім. Елге барғаннан кейін мамандығым бойынша әкімшілікте, ішкі саясат бөлімінде, партияларда, жастар орталықтарында, яғни мемлекеттік саяси істердің бірінде қызмет атқаруға болады. Сыртқы істер министрлігіне, не болмаса Түркиядағы Қазақстан елшілігіне жұмысқа тұрып, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа өз үлесімді қоссам деймін. Бәріне уақыт төреші.
- Түркиядағы қазақ жастарының қоғамдық өмірдегі белсенділігі қалай? Бас қосып, жиналып тұрасыңдар ма?
- Бүкіл Түркия бойынша қазақ жастарының саны қателеспесем 700-800-дей болады. Оның ең көбі Ыстамбұлда шоғырланған. Ол қалада 300-400-дей қазақ студенті бар. Анкарадағы қазақ студенттерінің саны 150-ге жетіп жығылады. Одан әрі Измир, Кайсери, Конья, Анталия қалаларында да студенттеріміз бар. Әрине қазақ жастары бас қосып, жиналып тұрады. Анкара қаласында «Анкара қазақ жастары» атты бірлестігіміз бар. Ай сайын жиналып, түрлі іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Мейрамдарымызды міндетті түрде атап өтеміз. Түркиядағы Қазақстан елшілігімен бірлесе отырып жұмыстар атқарамыз. Ыстамбұл қаласында да қазақ жастарының ұйымдары бар. Ол жақпен тығыз байланыстамыз.
Әңгімелескен: Шерхан Талапұлы
Анкара қаласы
Сурет: жеке мұрағат
Ш. Талап