ҰБТ. Мұғалім болудың артықшылықтары мен кемшіліктері

ҰБТ. Мұғалім болудың артықшылықтары мен кемшіліктері

Талапкерлер педагогикалық оқу орындарына көбіне диплом үшін түсіп жатады. Алайда жастайынан мұғалім мамандығы жайлы бұрмаланған көрініс қалыптастырып, бұл мамандықтың кемшіліктерін ұмытып, мұғалім бейнесіне ғашық болатындар да аз емес. Барлық заманда мұғалім мамандығы абыройлы және сыйлы болып саналғанымен, ардақты дипломға қол жеткізген соң студенттердің дерлігі мектепке жұмысқа орналасуды құп көрмейді, өйткені бұл абыройлы жұмыстың кемшіліктерін көре бастайды. Біз мұғалім болудың кемшіліктері мен артықшылықтарын бірдей ұсына отырып, талапкерлердің дұрыс шешім қабылдауына ықпал етуді жөн көрдік.

Кемшіліктер:

1. Үй жұмысы
Егер басқа мамандықтардың қызметкерлері үйге келген соң келесі жұмыс күніне дейін демалатын болса, мұғалімдер жұмысының жартысын үйіне алып келеді. Үй жұмысы дәптер тексерумен шектелмейді, оған тағы сабақтық жоспар құру, олимпиадаға қатыстыру, сынып және сыныптан тыс іс-шаралар, семинарлар ұйымдастыру мен инновациялық әдістемелер кіреді.

2. Ақша жинау
Көптеген мұғалімге мектепаралық барлық шараға қаражат шығару міндет болып саналады. Төтенше жағдайларда, табиғи апаттарда зардап шеккендерге көмек ретінде бюджет қызметкерлері бір күндік жалақысын береді. Сонымен қатар бюджет қызметкерлері баспасөзге де қолдау білдіреді, сол себепті мұғалімдердің жергілікті газеттерге жазылуы міндетті.

3. Мәселелерді шешу
Мұғалімдердің шешімді талап ететін мәселелері көп болатыны сонша, оларды басты және екінші дәрежелі деп бөлуге тура келеді. Мұнда басты мақсат – үйрету екенін ұмытпайық. Сондықтан, мектеп бағдарламасын тарқатқанда әр оқушыға дара тіл табу керек, өйткені кейбір оқушылар жаңа материалды тез қағып алса, басқалары қосымша уақытты талап етеді. Оқушы кейін қиналып қалмас үшін оның білімінде олқылықтар болмауы тиіс. Сонымен қатар, екінші дәрежеліге жататын, мұғалім жүргізетін іс-қағаздар да маңызды мәнге ие.

4. Оқушылардың көңілін табу
Мұғалімнің оқушылардың көзінде беделі жоғары болуы керек. Егер ол сыйлы болмаса, сапалы жұмыс істей алмайды. Оның сабағында әрдайым тәртіп бұзушылық орын алатын болады, ал оқушылардың білім деңгейі түседі.

5. Шығармашылық
Мұғалімнің шығармашылық қабілетінің болуы құпталады. Оның сабағы қызық әрі тыныш өтуі үшін ол ерекше харизмаға, актерлік қабілетке ие болуы тиіс. Егер мұғалім сабақ өткізуде шығармашылық таныта алмаса, мектепте жұмыс істеу қиындап кетеді.

Артықшылықтары:

1. Мемлекеттік қызметкер
Қанша жерден мұғалімдер ауыр және ақшасы аз төленетін еңбек деп шағымданғанымен, бюджет қызметкері болудың өз артықшылықтары бар. Атап айтқанда, кешіктірілмей берілетін тұрақты еңбек ақысы, үстемақылар, он үшінші жалақы, әлеуметтік тұрғын үй алу мүмкіндігі.

2. Ықылас
Егер сіз балаларды шынайы жақсы көрсеңіз және мұғалім болуды борыш санасаңыз, онда өзіңізді бақытты сезінетін боласыз. Өйткені бейімділігіңді табу – бұл шығармашылық адам үшін үлкен бақыт.

3. Оқушылардың алғысы
Оқушылар – бұл балалар, ал олар өте шынайы келеді. Олар мұғалімді не жақсы көреді, не жақсы көрмейді. Және белгіленген уақытты тезірек өткізуді мақсат тұтпайтын, жанын салып жұмыс істейтін мұғалімдер әрдайым оқушылардың құрметіне кенеледі. Мұғалім игілікті оқушылары берген кәдесыйлар, өз қолдарымен жасаған сыйлықтар мен хаттарды сақтап, қуанышқа бөленеді. Ал оқушылар, есейсе де балалық шағының, отбасының және бақытты кезеңінің бір бөлшегі ретінде мұғалімдерін өмір бойы еске алып жүреді. Ерен еңбектің ең үздік ақысы осы емес пе?

Сурет: globmir.ru, baq.kz, gulnarairex124.ucoz.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina