- Негізгі бет
- ҰБТ 2014
- ҰБТ-ға қатысты республикалық...
ҰБТ-ға қатысты республикалық ата-аналар жиналысы өтеді
Үстіміздегі жылдың 18 мамырында «Нұр Отан» Партиясы мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен "Жасөспірімнің ҰБТ тапсыруға дайындығы кезінде ата-аналарға психологиялық көмек көрсету» тақырыбында республикалық ата-аналар жиналысы өтетін болады. Жиналыстың негізгі ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Отбасылық Тәрбиелеу институты. Ауқымды жиында жетекші және кәсіби мамандар ата-аналарға кеңес айтып, келелі мәселелерге жауап табуға көмек береді. Мамыр айының үшінші жексенбісінде Қазақстанның 17 қаласында бір мезгілде өтетін жиналысқа 45 мыңнан астам ата-ана қатысады деп жоспарлануда.
Ата-аналарға психологиялық көмек көрсетуге байланысты мәселелерді талқылайтын республикалық дәрежедегі мұндай жиналыс елімізде тұңғыш рет өткелі отыр. Отбасылық Тәрбие Институты қатысушы ата-аналар үшін тақырыптық видеороликтер, үйрететін дәрістер, жазбаша түрдегі сауалнамалар дайындаған. Әрбір қатысушы «Отбасылық Тәрбиелеу Институтынан» кеңестер мен ұсыныстар жазылған жаднамаларға ие болады.
Айта кетейік, биылғы жылы Қазақстанның 154 пунктінде 100 мыңға жуық мектеп бітіруші ҰБТ тапсырады. Тестілеу 1-15 маусым аралығында өтеді. Бітіруші түлектер саны жөнінен Алматы қаласы көш бастап тұр. Оңтүстік астанада 7 мың түлек ҰБТ тапсырса, оның жартысы қазақ мектептерінің түлектері екен. Екінші орыннан Шымкент қаласы көрінсе, үшінші болып Астана қаласы аталды.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com