- Негізгі бет
- ҰБТ 2014
- ҰБТ. Бір апта...
ҰБТ. Бір апта қалғанда өзіңе-өзің демалыс жарияла!
Құрметті мектеп бітіруші түлектер, енді аз күнде сіздер он бір жылдық білімнің қорытындысын көрсетіп, Ұлттық Бірыңғай Тест тапсырасыздар. Сіздердің осы бір сынақтың алдында күн сайын артып жүрген үрейлеріңіз бен қорқыныштарыңыз бізге жат емес. Болашаққа жол бастайтын сынақтан кімнің болса да сағы сынбай өткісі келеді. Осы мақсатта күні-түні бас алмай дайындалып, үміттен үрейдің салмағын ауырлатып жүрген сынақ тапсырушы оқушыларға арнап осы жазбаны бастап отырмыз. Біз сіздерге қолымыздан келгенше миды демалдырып, тынығу жолдарын айтқымыз келеді.
Неге сонша қорқа бересіз? Егер сіз білімді болсаңыз, онда сіздің біліміңізді бір де бір қорқыныш жеңбеуі керек. ҰБТ-да келетін сұрақтардың бәрі де сіздің он бір жылдық жиған-тергеніңіз бойынша қойылады. Оның үстіне, сіз осы жылы сол мектеп бағдарламасындағы біраз тақырыпты қайта қайталап шықтыңыз. Ендеше, неден үрейленесіз? Бастысы – өзіңіздің білгеніңізге және түйгеніңізге сеніңіз! Басыңызды көтеріңіз!
ҰБТ тапсыратын күнге бір апта қалғанда, дайындықтың бәрін тоқтатыңыз. Әрине, бір апта оқығаныңыздың бір жерде болмаса, бір жерде көмектесуі мүмкін. Бірақ осы дайындық та жетеді!
ҰБТ-ға бір апта қалғанда немен айналысу керек? Осы уақытқа дейін біліміңізді тиянақтап алсаңыз, енді өзіңізді өзіңіз психологиялық тұрғыда дайындайтын уақыт келді.
- Киноға барып, соны достарыңызбен отырып талқылаңыз. Сіз осы уақытқа дейін тек ҰБТ туралы әңгімеден жалыққан шығарсыз?
- Көкке шығып, жиі серуен құрыңыз.Табиғат адамның миын демалдырып, көңілінің сарайын ашады. Тек жалғыз жүрудің қажеті шамалы. Өйткені адам жалғыз қалғанда сан түрлі ойға шомады. Жаныңда көңіліңізді алдандырып, жан-жақтан әңгіме айтып жүретін бір серігіңіздің болғаны жөн.
Өзен бойына немесе сарқырамаға барып қайтсаңыз да, артықтық етпейді. Өйткені ағын суға қарап отырып, іштегі артық ойды да дәл сол судай ағызып тастауға болады.
- Дауыстап өлең оқыңыз немесе ән айтыңыз. Тек жақсы нәрсені ойлауға кедергі келтіретін іштегі керексіз дүниеден құтылудың бір жолы – айқайлап алу. Өзіңіз оңаша қалғанда сүйікті ақыныңыздың шығармасын дауыс шығара оқып алыңыз.
Болмаса бір пьесадағы адамдарды өзіңізше рөлге бөліп оқыңыз. Бұл мүмкін сізге бір күлкілі көрініс болып көрінетін шығар. Бірақ, оның мидың тынығуына әсері ауыз толтырып айтарлықтай көп.
- Туыстарыңызбен бас қосып, солардың той-жиынына қатысыңыз. Көптен көрмеген туыстарыңызбен кездессеңіз, әңгімеңіздің оңай аяқталмасын білеміз. Сондықтан уақытыңыздың аз бөлігін болса да, туыстарыңызбен сұхбатқа жұмсаңыз.
- Бұрын соңды жеп көрмеген тағамнан ауыз тиіңіз. Ия, мұның да пайдасы көп. Әрине, «Бір аптадан кейін ҰБТ» деген іштегі «ұлы» қорқыныш сіздің тәбетіңіздің бетін баяғыда-ақ қайтарып жіберген болар. Бірақ сіз мұндайда ешқандай да дәмді тағамнан бас тартпаңыз. Жиі-жиі жүрек жалғау арқылы күн сайын әліңізді арттырғаныңыз дұрыс.
- Шамаңыз келгенше вертуалды әлемге уақытша болса да, «хош» дей тұрыңыз. Өйткені ондағы түрлі артық ақпарат сіздің онсыз да бос орын қалмаған басыңызды астан-кестен етеді.
Интернетке алдағы өткелден өтіп, жаныңыз жеңілдеп, «ух» дегенде ғана бас сұғыңыз.
- Қолыңызға фотоаппарат алып, жан-жағыңызды суретке түсіріңіз. Бұл да сізге кем көңіл-күй сыйламайды.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: mail.ru
А. Әбілхан