Мен қалай ҰБТ тапсырдым? — 2

Мен қалай ҰБТ тапсырдым? — 2

Әр оқушының бойында ҰБТ сөзін естігенде бір үрей пайда болады. Ол үрейдің себебі түрлі әрі баршамыз үшін түсінікті. Бірі дайындығының аз екенін мойындаса, екіншісі нәтижелі балл жинай алмасам, ата-анама салмақ түсіремін бе деп қорқады. Неге осыған дейін оқымады екенмін деп қынжылады. Бұл сынақты аз да болсын үштік бағамен оқитын оқушы да уайымдайтыны анық. Осы күндері «EDTECH» пен «DOSTYK» сынды дайындық орталықтарының арқасында оқушылар ЖОО-лардың аудиториясына кіріп тест тапсырып көру мүмкіндігіне ие болуда. Аталған мүмкіндіктің құны да қомақты қаржыны талап етеді. Ал шағын елді мекен мен ауыл балалары мұны, тіпті, армандамайды. Оқушының білімі қай деңгейде болса да, ең алдымен психологиялық дайындықты қажетсінеді. Осыған дейін сайтымыздың тілшісі Айгерім Сматуллаева «Мен қалай ҰБТ тапсырдым?» атты жобаның ашылғандығын хабарлаған болатын. Сол жобаға сәйкес бүгінгі таңда Әл Фараби атындағы қара шаңырақты қызыл дипломмен сәтті бітіріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет жасап жүрген ақын әрі сыншы, тәжірибелі тілші Бағашар Тұрсынбайұлының оқиғасын ұсынамыз. Сізді қызықтырады деген ойдамыз.

***

ҰБТ-ның уақыты жақындаған сайын, уайымым қалыңдай түсті. Себебі әкем: «Оқуға түспесең, әскерге кетесің немесе мал бағасың» деп шарт қойды. Мал да баққым келмеді, әскерге де баруға аса құлшынбадым. Бір ғана жол – оқуға түсу. Ал таңдау пәнім әдебиет болатын. Гуманитарлық пәндерді жақсы меңгергеніммен, матиматика сынды пәндерге келгенде мүдіретінмін. Өзім есеп шығарғанды жақсы көремін. Бірақ тестіде мен шығара алатын есеп келмейтін. Үнемі құдайдан медет тілеп жүрдім. Дұға жасадым. Осылай қобалжуыммен қатар іштей сенімділік те бар еді. Өйткені 4 сабақтан 80 баллдың үстінде жинап жүрдім. Ал орыс тілі пәнінің балын қосқанда жүздің айналасында едім. Сыныбыммен тестті ҚазБСҚА-да тапсырдық. Шпор алып кірмек ойым болған еді, оным жүзеге аспады. Сіз ойлағандай күзетке ұсталып қалған жоқпын. Өзім қорыққандықтан, алдын ала бір ағаштың түбіне тастап кеттім. ҰБТ-ға дайындығым тас түйін болмаса да, дәл сол тапсырып жатқан уақытта менде уайым болған жоқ. Тек аз ғана сасқалақтағаным болмаса. Алдымен тарих, тіл және әдебиеттің сұрақтарына жауап бердім. Артынша қалған уақытты есеп шығаруға жұмсадым. Жоғарыда айтқанымдай, бастапқы есептерді ғана шығардым да көмек күттім. Уақыт мезгіліне таяп қалғанда сыныптастарым көмектесетіндіктерін айтты. Олар есептерімді бір демде шығарып берді. Қайтарымына айналамдағы біраз қыз-жігіттің қазақ тілі мен тарихына көмектестім. Қолымыздан келсе, өзгелерге көмек қолын созуға не жетсін. Менің түсінгенім, ең басты ереже – уайымға салынбау. Өйткені уайымдап отырып, дұрыс жауап беру мүмкіндігінен айырыламыз. Оның үстіне миымыз да қалыпты жұмыс жасай алмай қалады.

Сыныптастарымның арасында орнына адам кіргізген де, сатып алған да болды. Бірақ көп бөлігі өз күшімен тапсырды. Және барлығы да оқуға түсті. Биылғы түлектерге сәттілік тілеймін! Уақытты қобалжып жоғалтқанша, қиын пәндердің сұрағын шешуге арнаңыз. Өйткені мұндай мүмкіндіктер санаулы ғана...

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: news.nur.kz

Қ. Бүйенбай