ҰБТ. Пенсильвания университетіне шолу

Пенсильвания университеті (ағылш. University of Pennsylvania)—Филадельфиядағы Пенсильвания штатында орналасқан жеке меншік ғылыми білім ордасы. Американың элиталық университеттерінің қатарына кіреді. 1740 жылы қоғам қайраткері Бенджамин Франклин негізін қалаған.

ЖОО-ның негізін қалаушы Бенджамин Франклин бұл университеттің оқу жүйесін классикалық білім беру мақсатымен жасап, сауда және қаржы есебіне ыңғайластырып құрған. Пенсильвания университеті Американың алғашқы еуропалық стильде салынған көп профильді білім ордасы болып саналады. Мысалы, әлемнің жетекші бизнес ордаларының бірі болып есептелетін Уортон Бизнес Мектебі (Wharton School) тап осы университетте орналасқан.

Университеттің қабырғасы алғашында мектеп негізінде құрылған болатын, кейіннен уақыт өте келе колледжге айналып, 1779 жылдан бастап қазіргі статусына ие болды. Колониялды кезеңде құрылған басқа Гарвард, Уилям Мэри, Йель секілді университеттермен салыстырғанда Пенсильвания университеті діндарлық ілімге ден қоймады. Франклин әуелден бастап оқушыларға жан жақты көзқарастарды қамтып білім бергісі келді. Университет тарихында пионерлік ұйымдардың жеткен жетістіктері өте көп. Соның есебінен 1765 жылы АҚШ-тағы алғашқы медициналық мектеп пайда болды, 1874 жылы бірінші университеттік емхана ашылды, дүниедегі «Уортон мектебі» деп аталатын бірінші бизнес мектебі құрылды.

Кампус (Қалашық)

Университет кампусының басты бөлігі 300 акр жерді алып жатыр. Кампус Филадельфияның университеттік ауданында орналасқан. Кампус жанында ғылыми зертханалар, ветеринарлық клиникалар, жатақханалар жайғасқан.

Кітапхана

Пенна кітапханасы 1750 жылдан бастап қайырымдылық қор есебінде ашылған. 12 жылдан кейін ректор Уильям Смит университеттің кітапхана қорын үлкейту және жабдықтау мақсатымен Англия еліне кемемен жүзіп барады. 250 жылдан соң Пенна кітапханасы іріленді. 15 кітапхананың 13-і кампус жерінде орналасқан. Кітапханада 6.01 миллион кітап пен құжат сақталған.

Университет мұражайы

Университет мұражайы тек 1887 жылы құрылса да дүниежүзілік 400-ден астам ғылыми зерттеу жасап үлгерген. Мұражай галереясында Мысыр, Шығыс, Орталық Америка, Жерорта теңізі, Африка, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінен табылған артефакттар қойылған. Қазба жұмыстары барысында табылған патшалық Ура табыты адамдардың тарихи ескерткіштерге деген қызығушылықтарын арттыра түсті. Мұражай топтамалары университетте білім алып жүрген болашақ археологтар мен тарих мұғалімдеріне диплом жұмысын жазу барысында табылмас азық болды.

 

Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы

сурет: www.bugaga.ru