Арқа арыстарын дәріптеген шара

Арқа арыстарын дәріптеген шара
жеке
блог

“31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне” орай Қарағанды облысы жергілікті әкімдіктерінің қолдауымен “Арқа арыстары” атты пресс-тур өтті. Еліміздің әр өңірінен қоғам белсенділерінің басын қосқан пресс-турдың басты мақсаты — ел азаттығы жолында құрбан болған ұлт зиялыларын еске алып, рухына зиярат ету.

Пресс-тур облыс аумағында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Іс шараға 40-қа жуық журналист, блогер және белсенді жастар қатысты. Аталмыш шараның ұйымдастырушылары — журналист, қоғам белсенділері — Зарина Әшірбек және Бекзат Болатұлы. 

Пресс-турдың екі күндік бағдарламасы бойынша БАҚ өкілдері алаш зиялысы Әлімхан Ермеков пен ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның кіндік қаны тамған Ақтоғайға, Қарағандының тарихи мұражайына айналған ҚарЛаг-ке, Әлімхан жерленген зиратқа және Әлиханның ата-бабасы жатқан Талдыбейітке сапарлады. Игі сапарда дала академигі, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан шара қатысушыларын өлкемен таныстырды.

І күн

Шара Әлімхан Ермековтің зират басына барып, баба рухына тағзым етумен басталды. Алашорда үкіметінің белді мүшесі, математикадан тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан Ермековке христиан зиратынан топырақ бұйырыпты. Әйелі Рахия екеуі қатар жерленіпті. Өлкетанушы Тұңғышбай атаның айтуы бойынша зиратта басқа да қазақ мұсылмандары жерленген. Бүгінде Әлімхан Ермеков денесінің басқа жерге жерленуі не сол христиан зиратындағы бейітінің арнайы қоршалып, мазар тұрғызылуы сөз болып жүр. Әлімхан бейітінің басына барған қауым баба рухына құран бағыштады. Сол арада Тұңғышбай Мұқан Әлімхан Ермеков өмірі жайлы тың деректермен бөлісті.

Ермеков зиратынан соң келесі аялдама Қарағанды еңбекпен түзеу лагері (әрі қарай ҚарЛаг) болды. Қарағандыдан 45 шақырым жердегі Долинка мекеніне жол тартты. Бұрынғы ҚарЛаг-тегі “НКВД” басшылығы отырған ғимарат қазіргі “саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайына”айналыпты.

ҚарЛАГ 1931 жылы құрылған. Барлық бөлімшелерін қоса есептегенде көлемі Франция елінің аумағындай. Ғимарат 2 қабатты, ондаған экспозициялық залы бар. Мұражайда жалпы 6 мыңнан астам жәдігер болса, соның үштен бірі — ҚарЛАГ кезінен жеткен жәдігерлер. Жәдігерлер ішінде мұрағат құжаттары, хаттар, фотосуреттер, тұтқындардың жеке істері мен олардың қолынан шыққан құнды заттар бар.

Пресс-турдың алғашқы күні Қарағанды қаласындағы «GOOD ZONE» коворкинг-орталығында қорытыланды. Жас зерттеуші Әділет Жағыппар пресс-турға қатысушыларды “ЕСЕП”(Елін сүйген ерлер партиясы) жайлы баяндамасымен таныстырып өтті. “ЕСЕП” Кеңес одағы кезінде Әлихан Бөкейхан бастаған алаштықтардың саясаты мен алаш идеясын ел ішінде астыртын насихаттаған партия болды.

ІІ күн

Пресс-турдың екінші күні қазақтың үш бірдей арысы Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков және Жақып Алтаев туып-өскен Ақтоғай өлкесіне жол жүрумен жалғасты. Ақтоғай — Қарағандыдан 6-7 сағаттық жер. Ақтоғайға жеткендегі алғашқы аялдама — “Талдыбейіт” қорымы. Кейінгі кезде “Ата қорымы” деп аталып жүр. Ал Әлихан туған аймақта жергілікті тұрғындар “Бөкейхан әулетінің қорымы” деп атайды екен. Олай аталу себебі: онда Әлиханның әкесі Нұрмұхамед, атасы Мырзатай, анасы Бегімай және бауырлары жерленген. Қорым сыртына арабша жазулы бірнеше құлпытас қойылған. Зират жанында Әлихан Бөкейхан келіп, өз қолымен отырғызып кеткен ағаш мәуелеп өсіп тұр. 20 ғасырда отырғызылған ағаштың тұқымы сонау Бразилия елінен әкелінген деседі.

Ақтоғай тумасы Тұңғышбай ақсақалдың сөзінше, әулетіне деп өз қолымен қазақтың сегіз қанатты үйіндей етіп салғызған бұл жерден Әлиханға топырақ бұйырмаса да, әулеті арыстың аты-жөні мен қысқаша өмірбаяны жазылған құлпытас орнатып, ырымдап қалпағын “жерлеген” екен.

Шараның нүктесі С.Сейфуллин атындағы академиялық драма театрында қойылды. БАҚ өкілдері Қанат Жүнісовтің “Ұлтқа қызмет ету” қойылымын, алаш арыстарының ауыр тағдырына негізделген туындыны тамашалады.

Екі күнде қос арыс туған өлкенің көрнекі жерлерімен, олардың өмірі жайында бұрын-соңды естімеген деректермен таныстырған ұйымдастырушылар мақсатына жетсе керек. Пресс-тур алда қарқын алып, Қарағанды облысымен ғана шектелмей, еліміздің бар өңірінде қолдау табады деген үміттеміз. Себебі бар қазақ даласы тарих пен шежіреге толы.