Қазақстандық миллионер табысты болудың сырын бөлісті

BI Group компаниясының негізін қалаушы қазақстандық кәсіпкер әрі спортшы Айдын Рахымбаев табысты компания құрудың құпиясын ашты.

Қаңтар айында өткен "Дакар" ралли-марафонында үздік ондыққа кірген ол еңбек жолын қарапайым құрылысшы ретінде бастағанын Vlast.kz сайтына берген сұхбатында айтты, – деп жазады nur.kz.

Бүгінде ірі компанияның басшысы болса да, ол әлі күнге дейін құрылысшылықтан бас тартпағанын айтты.

"Мен қазір де құрылысшымын. Иә, бұрын үйлер салғанмын, қазір компанияның құрылысын жүргізіп жатырмын. Қатардағы жұмысшы болғанымда мен ірі компанияның басшысы болуды армандаған жоқпын. Алайда, кішкентайымнан оқуға құмар болғаным мені осы күнге жеткізді", - дейді Рахымбаев.

Ол бизнесте табысты болуы үшін тамыр-таныс, байланыс керек пе деген сұрақты жауапсыз қалдырмады.

"Кейде байланыс керек, кейде керек емес. Мақсат қойсаң, бәріне де жетуге болады. Жалпы байланыс деген не? Менің әкем 30 жыл бойы колхозда механизатор болып еңбек етті. Анам өмір бойы пошташы болды. Меніңше, байланыс дегеніміз жақын адамдарың мен достардың сенімі", - дейді кәсіпкер.

Айдын Рахымбаев қарапайым құрылысшыдан компания басшысы атану үшін не істеу керектігін де түсіндіріп өтті.

"Мен жақсы әрі сапалы жұмыс істесем деп ойладым. Ал аталған жұмысқа қаншама күш кететіні бөлек әңгіме. Биыл компаниямызға 20 жыл толады. Ал мен жеті күндік еңбек демалысыма он жылдан кейін шығыппын. Бар уақытта жұмыс істедім. Тіпті, қазірдің өзінде еңбек демалысына кететін уақыт жоқ. Мен табысқа жетудің ең басты кепілі – тек қана жұмыс істеу деп білемін. Тіпті, бір танымал адамның "Сенбі күні демалатын болсаң, компанияның 60 пайызға өсуі мүмкін емес" дегені бар", - дейді қазақстандық кәсіпкер.

Ол өзінің басқа бизнесмендерден қандай айырмашылығы барын да атап берді.

"Мен бөліскенді жақсы көремін. Компаниядағы топ-менеджерлермен мен компанияның үлесімен бөлісемін. Табысыммен бөлісемін. Бүгінде компаниядағы 8 мың адамның 800-і бонустық бағдарламамен жұмыс істейді. Яғни, өздері жұмыс істейтін жобадан қосымша пайда көріп отыр. Мен барлық жұмысшының осындай табыс табатынын күніне тезірек жеткім келеді", - дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар, Айдын Рахымбаев әлі күнге дейін құрылыс нысандарын аралаудан шаршамайтынын, тіпті, әрбір жертөле мен шатырларды да бақылап, көріп шығатынын айтқан.

"Мәселе бәрін тексеріп, қатаң бақылауда емес. Мен осы ісімнен өзім рахат аламын. Қай жерін жақсартып, қай жерін түзету керектігіне көз жеткіземін. Әрбір жексенбі сайын 25-30 жұмысшыны ертіп алып, құрылыс алаңын аралап шығу әдетіме айналған", - деді ол.

Айдын Рахымбаев алғашқы миллионына 28 жасында қол жеткізген. Қазір кәсіпкер $280 миллионмен Forbes.kz журналы жасаған Қазақстандағы ең бай адамдар рейтингінде 23-інші орынға тұрақтады.

Миллионер қайырымдылыққа қомақты қаражат бөліп, отандық өнерге жанашыр ретінде танылған азамат.

Еске сала кетейік, танымал кәсіпкер автожарыспен де әуестенеді. Сұхбат барысында ол жұмысына кесірі тимеу үшін жарысқа тек демалыс күндері барып, жұмыс уақытына үлгеру үшін марапаттау рәсіміне қатыспайтынын да айтты.

Айдын Рахымбаев биылғы "Дакар" көпкүндігінде 9-шы орын иеленген.

сурет: automag.kz, kcdn.kz