Туған жердің кереметтері
жеке
блог

Туған жердің кереметтері

Қазіргі таңда, технология және ақпарат заманының дамыған кезінде, адамдардың шет елдерге қызығушылығы мен әлем шарлауға құштарлығы артуда. Сізде де ондай ой туындаған шығар? Мүмкін біраз елді шарлаған адам да боларсыз?! Әлемнің әсем де әсерлі жерлері, әрине, мол. Соның ішінде туған жерімізде де осындай жерлер жоқ емес-ті. Сондықтан, бүгінгі мақаламызды Қазақстанның ең әдемі жерлеріне арнадық. 
  1. Қайыңды

 Қайыңды көлі

 Алматыдан шығысқа қарай 280 шақырым жерде Күнгей Алатауында орналасқан бұл көл бірден өзінің әдемілігімен көзге түседі. Қайыңдының бір ерекшелігі бұл – дәл көл ішінен 15 метрге дейін көтерілген Тянь-Шань шыршалары. Сонымен қатар, бұл көлді “өлі” деп те атайды. Оның себебі көлде балықтардың тіршілік етпеуі екен. Бүгінгі күні Қайыңды туристтердің сүйікті жерлерінің біріне айналуда.

     2.Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

 Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Еліміздің оңтүстігінде Түркістан қаласында орналасқан Яссауи кесенесі XIVғ. ежелгі түркі халқының ақыны, сопы Қожа Ахмет Йассауиге арналып салынған. Кесене — 35 бөлмеден тұратын аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Бұл жерде 21қазақ хан-сұлтандары, соның ішінде Әбілхайыр хан, Рәбия Сұлтан Бегім және Абылай хан жерленген. Әлі күнге дейін Яссауи кесенесі тамаша архитектурасымен тамсандыратын және әлемнің түкпір-түкпірінен зират етушілерді өзіне тартатын жер болып келеді.

    3.Катон-Қарағай

 Катон-Қарағай

Катон-Қарағай – өзінің ішінде ұлттық парк пен қорық қамтитын Қазақстанның табиғат көріністерінің ерекше біреуі. Бұл ну ормандардың, тұнық өзен-көлдердің және биік таулардың шектескен жері. Фаунасы да алуантүрлі: аю, марал, бұлан, бұлғын, ақкіс және тағы да басқа сирек кездесетін жануарлардың мекені болып табылады. Сонымен қатар, бұл жер көптеген шипажайларды да қамтиды. Сондықтан, Катон-Қарағай әсерлі табиғат көрініс іздеген туристтің де, денсаулығын дұрыстап, шаруалардан демаламын деген адамның да көңілінен шығады деп ойлаймыз.

     4.Бурабай

 Бурабай

Ақмола облысының солтүстігінде орналасқан Бурабайдың тау-тасы да, көлі де, жазық даласы да ертегілер мен аңыздарға толы. Бурабай табиғаты көз тартар сұлулығымен, ауасының тазалығымен тартымды. Биік таулар, көгілдір көлдер, қарағай мен қайың ағаштары өлкенің сәнін кіргізеді. Бурабай демалыс орындарында спорт кешендері орналасқан, экскурсиялық бағдарламалар жүргізіледі. Сонымен қатар, бұл аймаққа денсаулығын түзету мен демалу мақсатымен жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, алыс және жақын шетелден демалушылар да келеді.

    5.Балқаш

 Балқаш көлі

Балқаш өңірі - әрі жылы, әрі күн сәулесі көп түсетін табиғаты жағынан Қазақстандағы тартымды жерлердің бірі. Балқаш көлі демалыс пен саяхат үшін аса бірегей орын. Мұнда жыл сайын еліміздің әр түкпірінен мыңдаған адам келіп демалады. Сонымен қатар, көл маңында қызғылт гранитті Бектауата тау массиві орналасқан. Флора мен фаунасы да әрқилы.

Басында айтып кеткендей, Қазақстанның әдемі жерлері көп әрі әдемілігі бірінен бірі асқан. Бүгінгі айтып өткен жерлермен бұл тізім, әрине, аяқталмайды. Бұл үлкен тізімнің кішкентай бөлігі десек те қателеспеспіз. Сондықтан жалғасын келесі мақалада күтіп, өз ұсыныстарыңызды осы мақаланың астына жазсаңыз болады.

Назарларыңызға рахмет!

 Авторы: Айдана Жугунисова