САН ҚЫРЛЫ ҚАЛАМГЕР

САН ҚЫРЛЫ ҚАЛАМГЕР
жеке
блог

     Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Әдебиеттану» мамандығының студенттерімен ақын, журналист, ғалым, баспагер, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,  «Құрмет» орденінің иегері Темірғали Мұратбекұлы Көпбаймен «Сан қырлы қаламгер» атты әдеби-танымдық кездесу өтті. Болашақта әдебиет зерттеушісі болсам деген дарынды студент жастар, ақынның шығармашылық лабораториясымен танысып, прозалық шығармаларынан «Сабан ақша», «Қағаз махаббат», «Жертөле» әңгімелеріннен үзінділер айтып, оқыған шығармаларынан шабыттанып, өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, қаламгер ағамыздың шынайы, еркін форматтағы сұхбатына тәнті болды. Поэзияға жаны құмар өлең десе делебесі қозып тұратын өнерлі жастарымыз, ақын шығармашылығынан «Пират», «Дауыл келеді» өлеңдерін жарыса оқып, аудиторияны үлкен әсерге бөледі. Сонымен қатар «Қазығұрт» баспасының жұмысымен де танысып, көкейдегі саулдарын қойып, қызығушылықтарын білдіріп отырды. 2001жылы құрылған «Қазығұрт» баспасының осы уақытқа дейін халқымызға кеңінен танымал қаламгерлердің әдеби мұраларын «Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері», «Президент сыйлығының иегерлері», «Ұстаздар кітапханасы» серияларын басып, оқырман қауымға жеткізгенінен хабардар болды. Атап айтқанда Қ.Мырза Әли, Т.Молдағалиев, Ш.Мұртаза, Ә.Нұршайықов, Қ.Жұмаділов, М.Әлімбай, К.Смайылов, Р.Бердібай, Ұ.Есдәулет, С.Қирабаев, А.Әшімұлы, М.Байғұт т.б. көптомдықтары «Қазығұрт» баспасынан жарыққа шыққанын білді.    

     Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген көптомдықтардың арасында С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Т.Рысқұлов, Х.Ерғалиев, Д.Әбілев, Т.Әбдірахманқызы, О.Әубәкіров, Ғ.Орманов, М.Айтхожа, А.Сүлейменов, Ғ.Қайырбеков, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішев, Н.Ораз, С.Жүнісов т.б. мұраларын атап айтуға болады. Осындай қазақтың ұлы тұлғаларымен шығармашылық қарым-қатынаста болған Темірғали ағамыз, қызықты сәттер мен ыстық естеліктерімен бөлісті.

     Тағлымы мол кездесуге себепкер болған Қазақ әдебиеті мен теориясы кафедрасының ұстаздары ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Салима Әбдраманқызы Қалқабаева, ф.ғ.к., доцент Лейла Адамқызы Мекебаева мен п.ғ.м., PhD доктарант Айнұр Қалдарбекова. Сөз басын ф.ғ.к., доцент Лейла Мекебаева білім алушы шәкірттеріне Темірғали Көпбайдың шығармашылығымен таныстырып, ақ тілегін жеткізсе, қорытынды сөзді ақын жанды абзал ұстазымыз ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Салима Әбдраманқызы Қалқабаева сезімге толы өлең жолдарымен аяқтады. Кездесудің өте әсерлі болғанынан студенттер Темірғали Көпбаймен қимай-қимай қоштасты.

    Құрметті әдебиет сүйер қауым, жыр сүйер оқырман! Қазаққа белгілі ақын, жазушы, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Темірғали Көпбайдың жалынды жырлары мәңгі жасайды деп сенеміз! Жыр әлеміндегі туындыларыңыз ешқашан сарқылмасын. Кітап сүйер оқырмандарыңыз көп болсын деген ақжаума тілегімізді білдіре отырып, білім алушы жастармен кездесіп, сұхбат құрғаныңызға көптен-көп рахмет айтамыз.

Салима Қалқабаева

Лейла Мекебаева