Жұпар гүлім...

          Жұпар гүлім...
жеке
блог

«Мен қайдамын?.. Не болып кетті?.. Әй, тоқта-тоқта , мынау... Мынау таныс жер ғой!.. Ия, біздің үй емес пе? Бірақ, өзгеріп кеткен бе, қалай?». Ойымда сансыз сауал. Есікке қарай беттеп келем. Есікті менен бұрын апам ашты. Бетіне әжім түсіп қалыпты. Тіпті, орамал да тағатын болыпты. Құдды осыған үйреніп кеткендей. Тез тани кеттім. Маған бір нәрселерді айтты, естімедім. Дауысы тым жаңғырық, жаңғырып естілмеді.

-          Апа, - дедім. Жалт қарады. Күлді. Кейін еңкілдей келіп жылады. Жердегі төсеулі алашаны нәп-нәзік бармақтарымен шымшып-шымшып зарлы, әрі мұңды жылаған дауысы естілді. Естілді. Мен қарап тұрдым. Тұрғызып, құшағыма басып, бала махаббатымды сездіріп, жұбатқым келді. Неге екені белгісіз, қозғала алмадым. Жәй ғана қарап тұрдым. Мөлдіреген жанарлар тұп-тура  менің суық көзіме қарады. Жүзім суық болса да, анаммен қосылып жүрегім де жылап жатыр. Бір кезде анам орнынан тұрып, қасымнан түк болмағандай өтіп кете барды. Артыма қарадым. Апам кетіп барады. Басқан әрбір қадамының артында қызылды-жасылды гүлдер өсіп, жол болып ұзаруда. Бір талы жұлып, мұрныма тақап, танауымды кең тартым. Иісі қандай жұпар десеңші, тұп-тура анамның иісі. Көзімді жұмып біраз уақыт иіскеп тұрдым. Көзімді ашсам айналамда еш нәрсе жоқ. Анам да, гүлдер де, үйім де жоқ. Айналама таңырқай қарадым.

-          Ап-а-а, ап-а-а, - деп жан дауысымды салып айқайладым.

Өз дауысымнан өзім шошып ояндым. Мен ғана емес, мені құшақтап жатырған апам да шошынып қалды.

-          Не болды, жарығым? Қасыңдамын. Жайсыз түс көргенсің-ау, сірә! Тыныштала ғой, күнім, - деген жылы-жылы сөздер естілді.

 

Түс... Түсім екен... Апамды одан сайын жақсы көріп кеттім. Қатты құшақтап алып,басымды кеудесіне тақап алдым. Жұпар иіс... Сол бағанағы жұпар иісті сездім. Бұл иістен айырылғым келмей анама одан бетер кенеше жабысып алдым. Көзімді жұмғанда көз алдыма анамның әдемі, гүлдей әсем, жайдары бейнесі елестеді...