Шылым иісі: Бұлыңғыр елес

Шылым иісі: Бұлыңғыр елес
жеке
блог

Мен оны шексіз сүйемін. Ол қандай болса да, мен оны жақсы көремін. Оның бұзық мінезі де, ессіз əрекеттері де, ақымақ сөздері де мен үшін "ғажайып" болып көрінеді. Мейлі, басқалар оны жаман дей берсін. Құрбыларым ұнатпай-ақ қойсын... Мен бəрібір оны басқаға айырбастамаймын. Оның қасында өткізген əрбір секундым бақытқа, қуанышқа толы. Тек оның қасында өзімді қауіпсіз сезінемін, ол менің - қамқоршым. Иə, оның жағымсыз əдеттері мен əуестіктері бар. Мүмкін, ол қасиеттері болмағанда мен оны бұлай сүймес пе едім?! Кім білсін?! 

Жұрт оны қарақшы дейді. Айта берсін... Мені "соқырға" теңеп жатады. Анам да біздің бұлай араласуымызға қарсы. Сонда да, мен ештеңеге қарамастан, оны жанымдай жақсы көремін. Жасым - ОН ТОҒЫЗДА. 

Ол маған гүл сыйламай-ақ та қойсын, қымбат сақина да əпермесін... Сонда да мен оған ғашықпын.

Шылым да шеге берсін. Оның шылымының иісі маған қатты ұнайды. Əр кеште ол біздің аулаға келеді. Үйдегілер қанша қарсы болса да, мен амалын тауып, онымен көрісу үшін далаға шығамын. Сол ауладағы орындықтардың бірінде екеуіміз отырамыз. Ол менің иығымнан құшақтап:

- Анау жұлдызды саған əперейін бе? - дейді маған қарап. 

- Қажет емес, маған сенен басқа жұлдыздың керегі жоқ, - деймін мен. Əдеттегіше, маңдайымнан бір сүйіп, қалтасынан темекісі мен оттығын алып: 

- Рұқсат па? - дейді. 

- Рұқсат... 

Түтінін будақтатып шегеді. Бұл шылымның иісі маған қатты ұнайды. Мүмкін, оның шеккені үшін шығар. 

- Сенің шашыңның иісі қандай ғажап, - деп басымнан иіскейтін де, - Қандай сусабын пайдаланасың өзің? - деп қалжыңдайтын. 

- Қайдағыны айтпашы, - деп күлетінмін. - Ал маған сенің шылымыңның иісі ұнайды. 

Шылым түтіні. Будпқтаған қалың түтін арасынан жұлдыздар бұлдырап қана көрінеді. Ал мына түтіннен көз алдыма əр түрлі бейне елестейді. Біресе, қалыңдық көйлегіндегі өзім, біресе бөгде адамдар, ал кейде мысық... Мысық?! Білмеймін, неге екенін, осы бейне жиі алдыма келеді. 

- Жақында сенің туған күнің ғой. Неге сыйлайын? - деді ол. 

- Мысық!

- Мысық?

- Иə. Мысық сыйлашы...

- Оны қайтесің? 

- Білмеймін. 

Түтін. Əлгі мысық елесі қалыңдыққа жақындап келе жатады. Ал қалыңдық оны қолына ұстап жүреді. Кішкене ғана мəуленді мен қатты жақсы көремін. Бірақ бұл не екенін түсіне алмаймын... Темекі иісі мұрнымды жарып барады. Ал алдымнан мысық бейнесі кетер емес.

- Айтшы, сен маған мысық сыйлайсың ғой, иə? - деп мен оның иығына басымды сүйедім. 

- Жарайды... 

                           * * * * *

Мен оны əр кеш сайын аулада күтетінмін. Ол ылғи келіп, мені тəттілермен, темекі түтінімен қуантып кететін. 

Əдеттегі кештердің бірі еді. Бірақ бұл кеште ол келмеді. Сағат он екіден соң менің туған күнім басталады. Мүмкін, ол маған тосын сый жасайтын шығар деген оймен оны күте бердім. Бірақ, келмеді. Тек, бір кішкене алты-жеті жас шамасындағы бір бала келіп, аппақ қорапты қолыма ұстатып кетті. Үйге барған соң ашып қарадым... Ішінен мен сұраған мəулен мысық шыға келді. Аппақ жүнді сүйкімді мысық... Қораптан тағы хат шықты... Оқыдым:

"Сүйіктім! Туған күніңмен құттықтаймын! Мені күтпе, өзің тойлай бер! Бақытты бол! Саған тек жақсылық, қуаныш тілеймін! Өз бақытыңды тап... Өмірде Жолың болсын! Кешір мені... Мен енді келмеймін! Сен маған өзіңді той көйлегімен бірге ақ мəуленді түтін арасынан көретініңді айтушы едің ғой. Бірақ сен енді оны темекі түтінінен көре алмайсың. Сондықтан бір мəуленді өзіңе сыйға тарттым. Ал көйлекті... өзіңнің бақытың сыйлар... Кешір мені! Қош бол!" 

Не істерімді білмеймін... Не үшін? Не үшін бұлай болды? Өзіме өзім сансыз сұрақты қойып жатырмын. Бірақ жауабын тек ол біледі... Оның естеліктерінің бірі шылымнан қалған қорап еді. Мен оларды тартпаға жинай беретінмін. Сол қораптан шыққан шылым арқылы қиялдайтынмын, армандайтынмын, сурет салатынмын... 

Оны қатты сағынғанда, осы қораптарды иіскей беруші едім. Себебі олардың иісі ұқсас болатын. Мені ешкім түсіне алмады. Түсінгісі келмеді... Түсінуге тиісті емес. Бірақ... ол менен бекерден бекер кетпеді. Жоқ! Ол мені тастамайды. Ол оралады... Қайтып келеді...

                                   * * * * *

Мен де ессізбін. Ол сияқты. Темекі шегетін адамның қасында жүрген жанның одан еш айырмашылығы жоқ... Менің де одан айырмашылығым жоқ. Оны құлай сүйемін... 

Мен оны бүгін көрдім. Иə. Арада жыл өткен соң таптым. Қатты өзгерген... Адал еңбекпен ақша табады. Кітап оқиды, ізденеді... Тек мінезі мен шылымы ауыспаған. Демек, мен оны əлі жоғалтқан жоқпын. Менің сүйгенім əлі сол қалпында. Бірақ... оның бір аяғы жоқ... Сол баяғы жүрісінен ұрынған екен бәлеге... Күрсіндім. Бірақ оның жақсы адам болғанына қуандым. Мен оны сүйемін! 

Екеуіміз жақында отбасын құрамыз.)) Мысық болса өсті. Қораптар əлі сақтаулы. Махаббат та орнында. Ол əлі сурет салады... Түтінмен. Мен оны түсінуге тырысамын. Айтпақшы, ол қолмен де сурет сала бастады. Болашақта екеуіміз ғажайып анимациялық фильмдер жасап шығарамыз...

                       Соңы!