Дуалог деген не?

Дуалог деген не?

"Өмірімнің бәрі өлеңнің" кезекті шығарылымы жарияланды. 

Бұл жолы назарларыңызға Ерлан Жүністің дуалог түрінде жазылған "Бұл кім?" өлеңіне түсірілген видеоны ұсынамыз. Дуалогты диалогпен шатастырмаған жөн. Бұл екеуі бір-біріне ұқсас, дегенмен айырмашылықтары бар. Мысалы, дуалогта да диалог сияқты екі немесе одан да көп адам сөйлеседі, бірақ олардың әңгімелерінде еш байланыс болмайды. Яғни, бір адам сөйлегенде, екіншісі оның не айтқанын тыңдамай, керісінше өзім не айтсам екен деген оймен әлек болып, ақыр соңында біріншісіне мүлдем қатыссыз сөздер айтуы мүмкін.

Видеомен қоса "Бұл кім?" дуалогының жазбаша нұсқасын да оқи аласыздар:

- Бұл кім?
- Адасқан сәлеммін бейуақ...
- Бұл кім?
- Жоғалған соқпақпын кенет...
- Бұл кім?
- Босаған көңілмін кейуақ...
- Бұл кім?
- Азанғы азына жел ек.
- Бұл кім?
- Ғайыптан оралған жолшы!
- Бұл кім?
- Сен ести қоймаған есім!
- Бұл кім?
- Бұл сенің ертеңгі көршің...
- Бұл кім?
- О,бәлкім ертеңгі досың.
- Бұл кім?
- Қашқынмын - өзінен қашқан...
- Бұл кім?
- Бұл дала көп күткен ұлмын!
- Бұл кім?
- Жазыла қоймаған дастан.
- Бұл кім?
- Жаттала қоймаған Жырмын.
- Бұл кім?
- Ентіккен жігіттің демі.
- Бұл кім?
- Теңіздің астындағы ағыс.
- Бұл кім?
- Тұтқынмын еркіндіктегі...
- Бұл кім?
- Есігін таппаған қағыс!
- Бұл кім?
- Бұл кім?!

Y. Almabek