Әйелі бар бұрынғы жігітім жиі мазалайды

Жасым 19-да. Көкшетауда жұмыс істеймін. Соңғы кезде бұрынғы жігітім (үйленіп кеткен, 1 баласы бар) жиі мазалап жүр. Түрлі нөмірлерден қоңырау шалып: "Сені ұмыта алмай жүрмін, әйеліммен бақытсызбын, кездесейік", - дейді. Оның бұл сөздері барып тұрған сандырақ екенін өте жақсы білемін. Бірақ басым бос болған соң әрі соқыр үмітпен бір күні келісімімді бердім. 

Кездестік. Аса қатты өзгермеген. Мені құшақтап, сүйгісі келіп өліп барады. Мен ол арада осынша жылдар өткен соң "не айтар екен" деген көңілмен барғам. "Баяғы жартас бір жартас екен ғой",- дедім де, бұрылып кетіп қалдым. 

Құрбыларым бір ауыздан "барма, кездеспе" деп шырылдаса да, ешкімді тыңдамай барған едім. Әрине 10 минуттық көшедегі кездесуде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ егер сіздердің де бастарыңызға осы оқиға түссе, ешқашан менің осы шағын қателігімді қайталамаңыздар деген оймен осы оқиғамды жазып отырмын.

Үйленіп кеткен бұрынғы жігітің қайтып келсе, ойы өзгеріп, қадіріңді түсініп келген шығар-ау деген ойдан аулақ болыңыздар! Олардың көздегені – біреу ғана! Әйтпесе, әйел алмас еді. Сондықтан үйленген жігіттерге сенбеңіздер! Ол қанша жерден жалынып-жалбарынса да, жылы сөздер айтып ерітпек болса да, арам ойлы әрекеттерінен түк шықпайтынын білсін. Оның үстіне үйленген еркектің ертегісіне сеніп, бір отбасын ойрандаудан тайынбайтын қыздарды да көріп жүрміз. Қысқа сезімнің жетегіне ермей, жарқын болашағымызды ойлайық дегім келеді. "Үйленген" деген аты бар жігітке мүлде жоламаған дұрыс. Ой қосыңыздар, құрбылар! 

Автор: Құпия қыз

Сурет: girl-lady-mom.com

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com