Айтматов:Жазушы.Философ.Дипломат

  Жиырма бірінші ғасыр -бәсекеге қабілеттілігі жоғары болғанымен,қоршаған ортасындағы адамдармен бейбіт  қарым-қатынасты ұстанатын,өз ойын еркін білдіретін,қоғамдық сананы өзгертіп,әлемдік өркениетті дамытуға үлес қосқан, аты аңызға айналар ұлы тұлғалардың дәуірі.Бұндай адамдарды «жаһандық азамат» деп атайды,өйткені ол белгілі бір ұлттың не халықтың ғана жағдайын ойламай,күллі адамзат тарихына ортақ елеулі өзгеріс  енгізуді мақсат етеді.Осындай  аты әлем әдебиетінде тайға таңба басқандай алтын әріппен жазылып қалған,полиэтникалық мәдениеттің қалыптасуына зор ықпалын тигізген адам-Шыңғыс Айтматов.Менің ойымша,Ш. Айтматов -қаламынан бал тамған талапты жазушы,реалистік бағытта ой толғау арқылы адам бейнесін тануға ұмтылған ұлы гуманист-философ әрі  мемлекеттер арасында достық ахуал орнатып,ұлттар бірлігі мен дүниежүзінің тұтастығын сақтауға  ат салысқан әлем адамы.Не себепті ол «адамзаттың Айтматовы» деген әлемдік атаққа ие болып,әлеуметтік-мәдени феноменге айналды?
Талапты қаламгер Шыңғыс Айтматовтың шығармалары өзіндік сарында, ерекше көзқараспен жазылып,қоғамдағы көкейкесті мәселелерді көркем әрі шыншыл сипаттауымен әлем әдебиетінің асыл қазынасы,ұлы мұрасы болып саналады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей,кез-келген оқырман өзін Айтматовтың шығармаларының кейіпкерлерінің орнына қойып көре алады және бұл образдар әр адамға жақын,таныс . ХХ ғасырдың ортасынан бастап КСРО-ның  маңдайына біткен қиындықтары Шыңғыстың өмір сүрген кезеңдерімен тұспа-тұс келген.Ол-«соғысқа аттану үшін өсіп үлгермеген»адамдардың қатарында болып,халқының қасіреттен қан жұтқанын өз көзімен көрді және осы тағдыр тәлкегі оның бойындағы азаматтық шығармашылықтың қалыптасуына ықпал  етті деп ойлаймын.Демек, Шыңғыс шығармалары тарихи сабақтастықты сақтап, өткеннің ақиқатын сипаттайды.
Жазушының шығармаларының ішіндегі менің жүрегімнің төрінен орын тапқан –«Ғасырдан да ұзақ күн» романы.Бұл көлемді шығарма Сталиндік тоталитарлық басқару жүйесі жүргізілген кезеңді ,халық пен мемлекет арасындағы алшақтықты және адамзат өркениетінің жаңа кезеңге өтуін,ғарыш кеңістігін бағындыра бастауын баяндайды.Едігенің өмір атты тар жолда тайғақ кешуі,саяси-әлеуметтік әділетсіздіктің құрбаны болуы ,сонымен қатар,Ана-Бейіт жайлы әңгімесі ащы реализммен көркем бейнеленген. Жазушының әдеби лексикалық тілінің шеңбері кең ,оқырманға түсінікті.Шыңғыс  Айтматов әдебиетке енгізген «мәңгүрт» сөзі –кез-келген дәуірде суырылып шығып, кеңінен қолданылатын  сөзге айналды.Мәнгүрт сөзі Шыңғыстың тілінде ақыл есін білмейтін адам ретінде, «қожасының айтқаны ـــ айтқан .Ол табынды тастап еш қайда бармайды» деген сипаттама беріледі.Найман ананың бесік жырын айтуы,мәңгүрттің оны ұйып тыңдауы-қай дәуірде де өзекті болатын ана махаббатының бейнесі .Ал,әйел образының асқар шыңын көрсеткен ,Шыңғыс Айтматовтың атағын әлемге паш еткен туынды «Жәмила»  повесті.Шығарманың басты кейіпкері өр рухты,өз бақыты үшін тайсалмай күрескен,бірбеткей мінезінің арқасында қоғамдағы жаңа заманның нәзік жандылардың тың образына айналып,Айтматов шығармашылығының жаңа сатыға көтерілуіне ықпал етті. Жазушы Айтматов әдеби тіл арқылы әлеуметтік мәселелерді көтеріп,қоғам психологиясы өзгерісіне арқау болатын жаңалықтарды үндеген.
Ресейлік режиссер  Андрей Кончаловскийдің пікіріне сүйенсек,шығыстың Шыңғысы- адамның мінезін,жан-дүниесін жазатын,адам табиғатын түсінуге ұмтылатын дарынды суреткер. Мен бұл оймен толығымен келісемін,өйткені Шыңғыс Айтматовтың  адами құндылықтар мен қасиеттер жайлы ой өрбітуі,адам жаратылысы жайлы философиялық тұрғыда бұрын соңды болмаған толғауларынкөркем әдебиет шығармаларында ерекше  көрініс тапқан. Оның шығармаларында жердегі оқиғалар сипатталғанымен,оқырман өзге бір әлем кеңістігінде жүргендей күй кешеді.Бұған дәлел ретінде заманымыздың заңғар жазушысының  1986 жылы жарық көріп,күллі адамзатқа ортақ мәселе жайлы жазылған «Жанпида» романын алуға болады.Бұл романда Айтматовтың дінге деген көзқарасы,ислам және христиан діндері жайлы қатар ой қозғағаны берілген және ол апиыншылық мәселесіне моральдық тұрғыда көзқарасын білдірген. «Жанпиданың» кейіпкерлерінің мінез-құлқы,түйсік-санасы,махаббаты мен сезімдерімен бөлісуі,ар азабымен күресуі-Шыңғыс өмір сүрген тұстағы замандастарының көркем әдебиет шығармасындағы бейнесі болып табылады.Мысалы, Дайсаку Икэда атты жапон жазушысы мен Шыңғыс Айтматовтың арасында өрбіген әңгіме барысында,қырғыз-қазақ  жазушысы: «Белгілі дәрежеде, Авдий - менің өзім», - деген.Авдий-«Жанпида»романында ақыл мен білімге,қоршаған орта  мен өзінің жаратылысын тануға ұмтылған кейіпкер ретінде суреттеледі.Сонымен қатар,бұл кейіпкер адами құндылықтар мен рухини мәдениеттің құлдырау үрдісін ,жастардың  деградацияға ұшырауын тоқтату үшін арпалысқан өр рухты тұлғалардың прототипі.Шыңғыс Айтматовтың  философиялық сарындағы туындыларының мифологиялық кейіпкерлері кемеледенген әлемнің адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген мінсіз бейнелері іспеттес.Сондықтан,ол шығармаларында біздің заманымызда да орын алып жақан жаппай жаһандану үрдісінің,қоғамдың менталитет пен психологияның деформацияға ұшырауын алдын ала болжап кеткен біртуар тұлға.

Ғаламның сүйікті жазушысына айналған Шыңғыс Айтматов  -полиэтникалық кеңістіктің кеңеюін,әлем елдері интеграциясы мен мәдениеттер алмасуын жақтаған саясаткер.Қоғам қайраткері Айтматовтың өзі атап өткендей,ұлттық мұраның мән-мағынасы -оны өзгелерге таратуда болып табылады.Саясаткер ретінде Шыңғыс Айтматов азаматтарды күштеу мен мәжбүрлеу түбегейлі қарсы болған.Оның халықаралық қатынастардағы еңбек жолының негізі  XX ғасырдың 90-жылдары қаланды.Ең алдымен ол Кеңес Одағының Любсембургтегі елшісі болды,кейін ҚСРО әлемдік арендан жойылып,өз алдына дербес Қырғызстанның Франциядағы,Бенилюкс мемлекетіндегі,Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған. Шыңғыс Айтматовтың  ой өрісінің кеңдігі,аналитикалық ойлау қабілетінің жоғары деңгейін оның Еуропалық бірлестіктің,НАТО-ның және өзге халықаралық ұйымдардың Қырғызстан атынан тұрақты өкілі  болуы дәлелдейді.Айтматовпен еңбек жолын бірге өткеріп,жаһандық мәселелерді шешу жолдарын талқылаған саясат қайраткерлерінің барлығы оның  қарапайым әрі өз ойын еркін білдіретін,халқы үшін тырысып баққан жанашыр адам екенін атап өткен.Жан-жақты дарын иесі атанған ол бірсыпыра Еуропа елдерінің жоғарғы оқу орындарының құрметті академигі,1993 жылы Қазақстан Республикасының презинденті Нұрсұлтан Назарбаевтің «Бейбітшілік пен рухани татулық» сыйлығының лауреаты.Айтматовтың өзге мемлекеттерге,ұлт өкілдеріне деген құрметі ең алдымен олардың мәдениеті мен әдебиетіне деген ерекше ықыласынан көрініс табады.Мысалы,ол қазағымыздың бас ақыны,жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай Құнанбайұлын ой-өрісі таза,көкірегі ояу,арманы азат ақын деп бағалаған.Шыңғыстың қазақ,қырғыз және орыс қарым-қатынастарын реттеуде маңызды рөлінің жемісі-үш ел арасындасы берік мәдени байланыс.
Шыңғыс Айтматов феномені оның  әлем үшін жасаған жақсылықтары мен еңбектерінен туындаған.Белсенді қоғам қайраткері,көпті көрген дана,қаламы алтын классик жазушы бүгінгі күнде қайталанбас тұлғалардың бірі.Ол көркем шығармалары мен әлеуметтік сыр-назы арқылы қоғамдық санаға жаңа серпін сыйлаған  қаламгер-философ.Шыңғыс қырғыздың ,қазақтың немесе орыстың жазушысы емес,ол- адамзаттың Айтматовы, әлемнің данышпаны,болашақ ұрпақтың қамқоршысы.Оның шығармалармен танысып,мағынасын  түсінген  оқырман ғана Ш.Айтматов айтып өткендей,пенделердің басты мақсаты-нағыз саналы адамға айналады.Нағыз адамның бізге жеткен  үлгісі-Айтматовтың өзі:бүгін де,ертең де,әрқашан.



Бөлісу: