Құстардың құпиясы

Құстардың құпиясы

Бүгін – халықаралық құстар күні. Бұл күннің бір ғасырдан астам уақыт тарихы бар. Яғни, 1906 жылы құстарды қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияға қол қойылған болатын.

Атаулы күннің мақсаты – табиғаттағы құстардың барлық түрін жұмыртқа салу және жылы жаққа қайту мезгілдерінде қамқорлыққа алу, жоғалып кету қаупі бар құс түрлерін қорғау, құстарды аулаудың кейбір түрлеріне тыйым салу, құс өсіру және адамдарды табиғатты сақтауға сауаттандыру үшін қорықтар ашу. Сондай-ақ, қазіргі таңда құс тұмауы вирусы әлемдегі ең қауіпті ауру түрі болып отыр.

Жер бетінде құстардың 10 мыңнан астам түрі бар. Олардың бірі тез ұша алу қабілетімен ерекшеленсе, екіншісі жылдам жүгіре алады. Басқасы адамның дауысына еліктеуге тырысады, ешкімге ұқсамайтын сыртқы келбетімен көзді ынтықтырады. Олардың арасында да чемпиондар мен рекордшылар бар: ең мықты, ең шыдамды, ең пысық, ең алып, ең кішкентай, ең әдемі т.б. Қысқасы, құстар адамды таңырқата алады.

Осындай атаулы күннің қарсаңында әлемдегі ең ерекше құстардың өміріне үңіліп көрейік. Қалай қарайсыз? Ал ғаламшарымыздағы ең әдемі құстармен мына жерден таныса аласыз.

Полярлық үкі – Арктикадағы ең алып құс. Қызығы, олардың аналықтары аталықтарынан үлкен болады: денесінің ұзындығы – 55-65 см, қанаттарының құлашы – 150-160 см, салмағы – 1,5-2 келі. Барлық үкінің ішінде осы түрі ғана көгілдір түсті көре алады. Суретте: көзілдірікті үкі.

Қоқиқаз (Фламинго) – құстардың арасындағы ең ұзын аяқтысы. Әдетте тропиктік, субтропиктік аймақтарда өмір сүреді, кейде Беларусь жерінен де ұшырастыруға болады. Одан басқа Қазақстандағы Каспий теңізінің жағалауына ұялайды.

Көктарғақтың (балықшы құс) өмір сүру қағидалары өте қатал. Ол ағынды таза су, жарқабақ, өсік жағалауларда тірлік кешеді. Ұсақ балықтарды, ит балықтарды, құрбақаларды, омыртқасыздарды судан аулайды. Көктарғақ олжасын суға жақын маңдағы бұтаға отырып күзетеді. Сол жерден суға байқатпастан өте тез секіреді де, сүңгіп керегін алып шығады. Осы қасиетіне байланысты халық оған "мықты балықшы", "балықшы" деген ат таққан.

Қарлығаш – халқымызға өте жақын құс. Елімізде оның бес түрі кездеседі: жар Қарлығашы, құз Қарлығашы, қос реңді Қарлығаш, секпіл төс Қарлығаш, кент Қарлығашы. Қарлығаш өте жақсы ұшады, тіршілігінің көп уақытын ауада ұшып жүріп өткізеді. Су үстінен ұшып бара жатып-ақ су іше береді. Ұшып жүріп қорегін ұстап жейді. Дауысы онша қатты емес. Қарлығаш ұясын саз балшықтан сілекейімен араластырып бекем етіп жартас қуыстарына, жағалаудағы жарға, үй ішіне, кейде ағаш басына да салады. Ауа райы күрт бұзылатын кезде қарлығаштар жерге жақын ұшады екен. Мұндай әрекеттен кейін көбіне жаңбыр жауады.

Барлық құстың ішінен жаңазеландиялық киви өзінің денесінен үлкен жұмыртқа табады. Әдетте, құс дегенде ұшатын жаратылыс елестеп жатады ғой, киви құс болса да, ұша алмайды. Құйрығы жоқ және қанаттары да толыспаған. Оның тұмсығы мен тырнағы өте берік, бір түнде бірнеше шақырымды бағындыра алады. Киви – Жаңа Зеландияның нышаны, ақшасында, елтаңбасында бейнеленген. Қызыл кітапқа енгенімен, соңғы ғасырда ондаған миллионға азайып кеткен.

Әлемдегі ең кішкентай құс – колибри. Жүрек жұтқан, энергияға бай колибри алға ғана емес, артқа, тіпті, шетке ұша алады. Олардың ең үлкені (оңтүстікамерикалық Анд) 22 сантиметр болса, ең кішкентайы (Кубада өмір сүреді) 6  сантиметрге жетеді. Жер бетінде олардың 350-ден астам түрі бар.

Дулыға тұмсықты калао – ең сирек кездесетін құс. Тек қана Малай жартылай аралында, Борнеода, Суматрда кездеседі. Қауырсындары қара, тұмсығы қызыл, қанаттарының ұштары ақ болып келеді. Оның дулығалы тұмсығы денесінен он есе ауыр екен.

Тамаша фрегат (Fregata magnificens) – бірқазанның ерекше түрі. Оның аты әскери кеменің құрметіне қойылған. Фрегаттың құйрығы шанышқыны еске салады. Ұзындығы 1 метр болатын құс қанатын 220 сантиметрге жая алады. Білесіз бе, фрегат Атлант мұхиты мен Тынық мұхитының үстінде ұшып бара жатып бірнеше күн бойы ұйықтай береді екен. Ең қызығы – аталықтарының мойнында ашық қызыл түсті қалта бар.

Сақалды күшіген Оңтүстік Еуропа, Африка, Үндістан, Тибеттің таулы аймақтарында ұшырасады. Бұл құс ұшып бара жатқанда өте қорқынышты, өте қауіпті көрінеді. Көзінің қызыл терісін айтпағанда, сақал қауырсынының өзі адамды шошытады. Күшіген таудағы арқарларды қуып жүріп құлатады екен. Салмағы – 8 келі, қанатын ашқандағы ұзындығы – 304 сантиметр.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: russian.people.com.cn, p-i-f.livejournal.com