Қарыздармын өзіңе, аяулы ана!..

Ана – адамзаттың ардақтысы. Иә, шынында да, «Ана» деген үш әріптің астарында тұғыры биік тұлғаның бейнесі тұр. Қай кезде де халқымыз «Алып анадан туады» деп ардақты ана, аяулы жар, қамқор қарындастың қадірін білді. Нәзік жанды әйел баласын ары мен намысына балады. Асылы, ел болмақ – Анадан. Дана халқымыз артына: «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деген өнегелі сөз қалдырды. Өйткені, әйел – аналар отбасын айрандай ұйытып қана қоймай, ел басына күн туған ауыр шақта нәзік қолдарына қару алып, жауға қарсы шыққан. Оған тасқа қашалған шежірелі тарихымыз куә. Сақ патшайымы Томирис, мәңгілік махаббаттың үлгісін көрсеткен Айша бибі, Қыз Жібек пен Баян сұлу, өн бойына ақылдылық пен парасатты жинаған Домалақ ана, Зере мен Ұлжан, ел билеген Айғаным мен Ұлпан секілді аналардың есімдері, Отан үшін отқа түскен Әлия мен Мәншүктей арулардың ерліктері ел өмірінде алтын әріптермен өрнектелген.

Ана – шуақ, мейірім. Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған  әйел – өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. «Ана» атты алып ұғыммен байланысты     Отан-Ана, Жер-Ана, Табиғат-Ана секілді ең асыл атаулармен қосарлана айтылуының өзі бұл есімді барынша ұлықтай түседі. Ал, бүгінгі қазақ қызының бойынан жоғарыда есімдері аталған қаһарман әжелеріміздің өрлігі мен данагөйлігінің ұшқыны ұшырасып жататынын мақтанышпен айта аламыз. Сонымен қатар, елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай: « Әйел азаматтар тек қана отбасында емес, мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім – ағарту  жүйесінде жұмыс істеп жатыр».

Олай болса, мемлекетіміздің дамуына ер – азаматтармен тең дәрежеде маңдай терін төгіп, болашағымыздың баянды болуына айрықша үлес қосып  жүрген әйел-аналарды, ару қыздарды қалай жоққа шығарамыз.

8 наурыз – аналар мерекесіне орай Ақордада өткен «Көктем шуағы» атты жиында «мұңайғанда – шуақ, қажығанда – қуат» болатын әйел – аналарға қандай құрметтің де артық еместігі айтылды. Тіпті, «Анаға тағзым» күнін қыркүйек айына белгілеу туралы елбасының ұсынысы көңілге қуаныш ұялатты.

Анаға арналған бұл құрмет біздің де ана алдындағы перзенттік парызымызды түсінуге жетеледі.

Әйел – ана – өмірдің гүлі, әлемнің нұры саналады емес пе?! Ол жайлы сөз бастағанда, тілмен айтып жеткісіз бір сезім тұла бойымды кернеп өтеді. Өйткені, тіршілік – әйел затынан бастау алады. Аса көрнекті жазушымыз М.Әуезов: «Қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейін десең, әйелдің халін түзе!» деген екен. Ал, әйелдің халін түзеу, меніңше – оның қадірін білу, құрметтеу деген сөз.

Анаң сені қаршадай кезіңнен түн ұйқысын төрт бөліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяғыңнан тік тұрғызады. Баланың қиындығынан жалықпайды, керісінше, перзентінің аман-сау өсіп жетілуін бар жан-тәнімен қалайды. Иә, адам баласы бұндай жақсылықтың бәрін,  яғни ана алдындағы парызын  қалай өтемек?  Әсте бұған шамасы жетер ме?

Бүгінгі бейбіт те берекелі өміріміздің салтанат құруына жастық жалындарын арнаған ақ жаулықты әжелер мен ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, мол мейіріммен әлемге жылылық сыйлап отырған аналардың әр күнінің көрікті, әр түнінің тыныш болуын қалаймын. «Бір қолымен  бесікті, екінші  қолымен әлемді тербеткен»  әйел-аналарға арналған  шығармамды жүректен жарып шыққан балауса жырыммен аяқтағым келеді:

Өмір  бойы  қарыздармын өзіңе,

Қайран қалам бойыңдағы төзімге.

Аман жүрші, көз алдымда, анашым,

Арнадым жыр бала – жүрек сезіммен!



Бөлісу: