Нұртас Тұрғанбек «Мен емеспін» жинағына ой-пікірім

Нұртас Тұрғанбек «Мен емеспін» жинағына ой-пікірім
жеке
блог

Білесіздер ме? Филология факультетінің ерекшелігі неде? Иә, кейбір жандар бұл факультет студенттерінің көбі өнерге жақын деп айтуы мүмкін. Немесе атақты ақын-жазушылардың шыққанымен ерекшеленеді деуі мүмкін, мүмкін емес бұл шындық.Ал шын мәнінде, филология факультетінің ерекшелігі бітіріп кеткен түлектерімен арадағы қарым-қатынасты үзбеуінде. Қолдау көрсету жағынан болсын, ақылдарын айтып, кеңестерін беруден ешқашан жалықпаған. Факультетіміздің абыройы сыналар сәтте бізден бұрын бітірген түлектеріміз келген болатын. Сондай бір естіген оқиғамды мен де айта кетейін. Кезінде Қанат Үмбетов біздің жатақханаға әннің сөзін жаздыру мақсатында келген екен. Сол бір әншінің көлігінде отырып, сазын ғана тыңдаған жігіт сол сәтте-ақ сөзін жазды. Оған себеп болған жігіттің қаншама жылдар жақсы көрген қызына деген баянсыз махаббаты. «Мазаламайын» деуінің мәні сол қызына деген махаббатының нүктесін қойып, толығымен жібергісі келгендігінде. Бұл -қазіргі таңда бәріміз тыңдап жүрген, көпке танымал болған, қосылмай кеткен ғашықтардың құлағында жүретін «Мазаламайын» әні. Баянсыз махаббаттың әсерінен туған бұл ән-ғашықтардың жүрегіндегі жан-жарасын емдейтін бірден-бір дәруіш.

Есіңе мені аларсың бағым,

Алаңдап жүрген кезіңде мұңды

Жалғаннан іздеп табарсың жаным

Жауапсыз қалған сезімдерімді

-деген тармақтардан ақынның ішкі сезімі, мұңды жан дүниесін байқауға болады.

Арналар саған әндерім дәйім

Бәрі де мұңды қалай айтайын

Алдыңда сенің таза болайын

Мазаламайын...

-деген жолдардың автордың сол жанға деген асыл махаббатынын көрінісін байқауға болады. «Алдында сенің таза болайын» деп, өзі қаншалықты қиналып тұрса да, жай ғана мазаламайын дейді. Тағдырдың жазғанына ешқандай шара қолдана алмайтынын түсінгенінде:

Бірге болуды жазбаса бізге

Мазаламайын...

Ал енді осы әннің авторына келер болсақ, өзіміздің ҚазҰУ шаңырағын, Филология факультетін тәмамдаған, Халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы- Нұртас Тұрғанбек. Міне, осы әнді, әннің шығу оқиғасын естігенімде ақынға деген қызығушылығым арта түсті. Бір ғана әнге өзінің қаншама сезімін сыйғыза білген ақынның жырлары жүрегімнен айрықша орын ала бастады.2016 жылы жас ақынның «Мен емеспін...» деп аталатын жыр жинағы жарық көрді. Жыр жинағына жас таланттың 50-ден астам өлеңі топтастырылған.Терең әрі образды ой, мөлдір сезім, тұңғиық пәлсапа, бояуға қанық сурет пен мәнді лирикалық иірімдерден тұратын Нұртас Тұрғанбекұлының бұл жинағы ақын жанының айнасындай. Өлеңнің әр жолына сыр жасырған ақынның поэзиясы кез келген оқырманды өзіне баурап алары сөзсіз. Ақын өлеңдерінде ауылдың топырағы, қаланың қым-қуыт тірлігі, өмірдің өкініші мен көңілдің мың құбылған сәттері көрініс табады.

Мен ауылға барып қайттым аға…

Несін айтам, ауыл да, үйің де аман,

Балалық жоқ, көршіден қи ұрлаған.

Бұл өлеңнің түпкі мәні «балалық жоқ» деген тіркестерден-ақ көруге болады. Мысалы, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» туындысын оқығанымда, «менің де балалық шағым кітап жазатындай өтіп пе еді, кітап былай тұрсын қартайған шағымда күліп еске алатындай болып пе еді»,- деп ойландым. Қазіргі балалық шақ деген сөздің мәні нені білдіреді? Төрт бұрыш экранға телміріп отыру ма?

Үнсіз қарап тұрушы ең кемелденіп,

Желең келіп кеттің сен, өлең болып.

Аға, енді ауылдың топырағын,

Сенің бір күн басыңа себем келіп.

-деген тармақтарынан ақынның мезгілсіз ажал құшқан ағасына, оның рухына бағыштап жазылған өлең екендігін түсіне аламыз.

Ауылдың баласы едім, аңғал едім

Уысымда тұрғандай кей түн, әлем,

Өлең жазсам – мөп-мөлдір, бейкүнәлі ем.

Нілдің суын білмеймін, көргенім жоқ,

«Кірдің суын баспашы», – дейтін әжем.

Білемін жер – мекенім, көк – тұрағым,

Несіне көп төмендеп, көп бұғамын.

Кірдің суын баспаймын деп жүргенде,

Өзім кірлеп кеткендей боп тұрамын.

-деген соңғы екі тармақта ақын өзінің балалық шағы мен ес білген, күнде күреспен өтетін ересек шағын бір-біріне қарама-қарсы қойған. Әр адам өмірінде қателіктерге бой алдырады. Кейбірі күреседі, кейбірі қателіктердің артынан ереді, кейбірі есеп береді. Ақынның «өзім кірлеп кеткендей боп тұрамын» деуінің мәнісі осында болар.

Алматы – ақын ұлдың сор, бағы ма?

Алматы ақын ұлдың сор, бағы ма?!

Мұңы ма, «жығам» дейтін орға мына?

Мен ауылды сағындым, көшесі де,

Ұқсайтын тағдырымның жолдарына.

Автордың бұл өлең жолдарын талдау үстінде қазіргі студенттердің сүйікті әніне айналған «Қатыгездеу Алматы» әнінің сөзімен үндестігін байқауға болады.

Бірде теуіп,бірде тартар өзіні

Бұл қаладан кете алмайсың безіне

Күлдіріп ап жас толтырар көзіңе

Құбылмалы Алматы...

Қайыңның сөлін ішкен маған, қала,

Неліктен шырыныңды ұсынасың?!

Өлеңіндегі осындай шумақтарының соңғы бөлігінде «кірді баспа, қайыңның сөлі» реалды түрде, өмірде болған жолдар. Ал екінші жолдар ақынның өзі жан бітірген жолдар, ақын өзі жасаған лирикалық кейіпкер.Яғни, ақынның балалық шағы мен ересек шағының бір-біріне қарама-қарсы бейнеленуі.

Жуып өтті жүзімді де бұлақ-мұң,

Кімді сүйдім, кімді сүймей жылаттым?

Өмір жайлы сұрақ қойма, сен маған,

Мен де сондай жауабы жоқ сұрақпын.

Ақынның шығармашылығымен таныса отырып байқағаным, ақын ауылды балалық шақпен,таза көңілмен тең қояды. Ал қаланы, ересек шақты күреспен, өмір жайлы жауабы жоқ сан түрлі сұрақтармен теңестіреді.

Нұртас Тұрғанбек өзінің балалық шағын, бала көңілін, тазалығын қала көшесінен, қаланың күйбең тіршілігінен іздейді. Күреңіткен күндердің көлеңкесінде өмірге жабырқаған сәтінде, бар мұңын, өкініші мен ренішін, сағынышын өлең-жырларымен жеткізе білетін ақын.

Ақынның  жинағына енген балалықтың балауса дәмі, пәк сезім­аңсарынан туған өлең­жырлары, ауылға деген сағыныш жанын мұңға бөлеп жазған шерлі толғаулары, Алматыдай әсем шаһарда өткен өмір өрнектері кестеленген шығармалары кімді де болсын бей­жай қалдырмасы анық. Жүректен жарып шыққан мөлдір өлеңдер сіздің де жүрегіңізден орын алады деген сенімдеміз.