"Наурыз айы туғанда" облыстық байқауы өз мәресіне жетті

"Наурыз айы туғанда" облыстық байқауы өз мәресіне жетті
жеке
блог

Жақында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының  "Жастар ресурстық орталығы"  және "Саттар Ерубаев атындағы шығармашыл жастарды қолдау қорының"  бастамасымен "Наурыз айы туғанда" онлайн көркем сөз оқу байқауы жеңімпаздарының марапаттау рәсімі өтті.


    Аталмыш байқауға жалпы саны 16 аудан, қаладан 50 жас қатысты. Екі кезеңнен тұратын байқаудың ақтық кезеңіне 15 қатысушы іріктеліп алынды. Алғашқы кезеңде қатысушылар салт-дәстүр, ұлттық игіліктер тақырыбы аясында 1 минуттық видеосын арнайы хэштегтер арқылы өз парақшасына жүктеді. Үздік деп танылған 15 қатысушы екінші кезеңге өтті. Бұл кезеңде қатысушылар Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай тәуелсіздік, азаттық тақырыбы аясында жырларды жатқа оқып, байқау ұйымдастырушыларының көрсетілген нөміріне жолдап, 5-15 сәуір аралығында  @turkistan_jastary және @sattar_erubaev_fund парақшаларында өз видеоларына лайк жинау арқылы бәсекеге түсті. 

       Байқауға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Әдемау Толысбаева аталмыш оқу орнының доценті, ұстаз Гүлжамал Төлегенқызы, Түркістан облыстық "Жастар ресурстық орталығы"  басшысының орынбасары, айтыскер ақын Дәурен Ақсақалов,  Түркістан қалалық "Өнер мектебінің"  директоры, айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев пен бірнеше республикалық жыр байқауларының жүлдегері, ақын Рысгүл Досжанова қатысушылардың өнерін саралап, әділ қазылық етті. Марапаттау кешінің ерекше тұсы-шараның дөңгелек үстел форматында өтуі. Қатысушылар мен көрермендер бір-бірінің өнерін, қабілетін бағалай  отырып әртүрлі көзқарастарды ортаға салды. 

      Байқау қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Төле би ауданының намысын қорғаған  Абылайхан Айдарұлы еншілесе, күміс тақты Сарыағаш  ауданынан қатысқан Алтынай Бауыржанқызы иеленді. Жүлделі үшінші орын Сайрам ауданының үкілі үмітін ақтаған Гүлназ Бахутоваға бұйырды. Сондай-ақ өзге де қатысушыларға орталық атынан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған күртешелер мен алғыс хаттар табыс етілді.

 

Қатысушыларды жеңісімен шын жүректен  құттықтаймыз! Әдебиет әлемімен сусындап өскен жастардың арқасында қазақ поэзиясының гүлденері анық! 

 Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

"Ұлан" республикалық газетінің тілшісі