Мүшәйра

Мүшәйра
жеке
блог

Өлең болды серігім осы кеште,
Бір шабытты сыйладың сен ерекше.
Ақтарғым кеп бүгін мен шерді іште,
Ой түбіне үңілдім, күй бөлекше.

Сипаттауды сұрадың, мінезіңді,
Келбетіңді, күйіңді, болмысыңды,
Сының ба екен бұл сенің, маған жұмбақ,
Жеткізуге тырыстым өз ойымды.

Тәрбиелі, сабырлы, имандысың.
Ақылдысың, ақкөңілсің, ашықсың,
Бауырмалсың, жанашырсың, қамқорсың,
Өнерлісің, таланттысың, батылсың.

Бәлкім ойым көрінер тым әсіре,
Кемшіліксіз болмайды сірә пенде.
Бұрмалайды шын көңіл шымылдығы,
Әрбір ойды өзің жайлы туған іште.

Көз алдым қалды ма екен тұмшаланып,
Кеш батса жатам сені ойға алып.
Бұл көңілді белгісіз не істерім,
Өне бойды көркейткен жаулап алып.

Ойлама мені жеңіл ойлы екен деп,
Өлең жазып тұрмын мен алғашқы рет.
Ой саптауға жалғыз өзің болған себеп,
Жүрек бүгін тулайды мүлде бөлек.

Мүмкін мен жүрмін қиял құшағында,
Сағым қуып, бос арман тұмшауында.
Ымдашы тым болмаса, сәл сәл ымда,
Үміт отын сөндірмеші тал бойымда.

Саған айтар сөзім шын таусылмайды,
Жан дүнием алабұртып, жалындайды.
Өтінемін сарғайтпа, сағындырма,
Өз ойыңды айтшы сен жалындырма.

Бар ма маған бөлетін сәл көңілің,
Саған деген әрқашан пәк пейілім.
Сенім арта алатын әр кез сенің,
Болсам деймін өзіңе жан серігің.

Өлең жазып көрмегенмін өмірімде,
Мүшәйрасы осы болар шын мәнінде.
Болмысыңнан айналдым шіркін қалқам,
Шабыт берген бұл шумақты өрнектеуге.