Массагет қыздары ұсынған кітаптар

Кітап – сарқылмас байлық, өшпес қазына. Адам қаншалықты көп кітап оқыған сайын, соншалықты рухани бай, кемел адамға айнала түседі. Массагет порталының "Бойжеткен" айдары жаңа жоба бастайды! Бұл жобада Массагет порталында жұмыс істейтін қыздар оқырманға кітап ұсынады. Алғашқы шығарылымда біз дәл қазір оқып жатқан кітаптарымыз туралы айттық. 

Қарлыға Бүйенбай: "Бір жылдың бағасын емтиханға таяп қалған студенттен сұраңыз. Бір аптаның қадірін журнал редакторынан сұраңыз. Бір сағаттың қадірін бір-бірін ұзақ уақыттан кейін бірақ көрген ғашықтардан сұраңыз. Ал бір минуттың қадірін қоғамдық көлікке, ұшаққа, пойызға кешіккен адамнан сұраңыз. Қанша жерден жарыссақ та, аптығып асықсақ та, межеленген жерімізге жете алмайтындай көрінеміз. Алайда қайда ұмтылатынымыз белгісіз. Құдды адамгершілік, сезім, махаббат, мейірімділік, адалдық, сүрінгенді сүйеу болып тұрғызу сынды асыл қасиеттер ғайып болып кеткендей. Ал қазір оқып жүрген жүрген Робин Шарманың «Феррариін сатқан тақуа» кітабы бір сәтке аялдап, өзімізді ретке келтіруге, өмір атты алып шаһарда адаспауға көмектеседі. Тіпті, өмірімізді түбегейлі өзгертеді десем, қате болмас. Және кеңестердің барлығы нақты мысалымен, түсінікті етіп баяндалғандығы қатты ұнады. Өмір дегеніміз - бағыт. Сол бағытты өзгерткен кезде өміріміз де 180 градусқа өзгереді. Аталған кітап сол өзгерісті жүзеге асыруға көмектеседі деген үміттемін"...

Фариза Әбілова: "Дәл қазір оқып жүрген Лиз Бурбо атты танымал француз психологының бұл кітабының аты – «Ішкі жан-дүниеңді қайта қайта тыңда». Негізінде, бұл ­ автордың сериялы кітаптарының ішіндегісінің біреуі ғана. Сондықтан «қайта қайта» сөзі қосылған. Бұған дейін жарияланған кітабы «Ішкі жан-дүниеңді тыңда» деп аталған еді. Бұл кітаптың негізгі идеясы өзіңе-өзің көмек беру, арман-тілектеріңізді дұрыс түсіне білу. Лиз Бурбо бұл еңбегінде өмір сүру қиын емес, оңай әрі жеңіл екендігін насихаттайды. Кез келген арман, мақсат-мұраттарға өзіміз қол жеткізе алатынымызды түсіндіруге тырысады. Мен бұл автордың кітаптарын сүйіп оқимын, себебі өзіме күш-қуатты Лиз Бурбоның қаламынан аламын".

Мейіргүл Оңғарова: "Мен дәл қазір Нора Робертстің "Әйел кегі" атты кітабының орысша нұсқасын оқып жатырмын. Нора Робертс – "Жазушылар Оскарын" алған атақты америкалық жазушы. Әлемде әр минут сайын Нора Робертстің 27 кітабы сатылады екен. "Әйел кегі" романы араб патшасы мен голливудтық жұлдыздың қызы Адриенна ханшайым жайлы. Адриенна ханшайым сияқты "әкем патша, анам жұлдыз болса екен" деп армандайтын адамдар өте көп. Десе де олар бақытты ма? Егер бақытты болса Адриенна анасына ілесіп өздері шалқып өмір сүріп жатқан жерден неге қашты? Сырт көзге осы өмірдегі ең бақытты жан болып көрінетін Голливудтың бір жұлдыз актрисасының түні бойы құс жастықты құшақтап жылап шығатыны бір адамды болса да толғандыра ма? Міне, осындай сұрақтарға әлемдік мега бестселлерге айналған қазіргі күннің сентиментальді романы жауап бере алады".

Сіз не оқып жүрсіз, оқырман?!.

Сурет: ©Ернар Алмабек