Ару АСТАНА

Ару АСТАНА
жеке
блог

Ерке Есілдің жағасындағы аруды

Армандап едім - бейнесін ерек салуды

Қылқалам алып аспанды бояй бастасам,

Ақ қағазымнан көремін өлең, жазуды.


Ертегі әлімге еліткен еді ел көптен,

Алақай, таптым,  іздеген қызды жер-көктен

Айдынның бетін айна қылып ап таранып,

Бәйтерегіне сүйеніп алып сыр шерткен.


Толқынмен аққан бұрымын  тарап өргенше,

Асығыңыздар, сұлуды керім көргенше

Әппақ маңдайы – ақ аспан сынды жарқырап,

 Ханшатырына кіреді жұлдыз сөнгенше!


 Асыл тас, Алау, Қазақ елі де, Сарай да,

Арудың әнін – Тәңір сыйына балайды ә?!

Адамдар түгіл,

Таң да тұлпармен шабады

Тыңдамақ болып  сыйқырлы үнді қалайда.


 Отшашулардан көрінбей кетер айнала

Қорғаны  менмін дейтіндей гүлдер жайқала

Сәукелесі мен  шашбауларынан күй шықса,

Таңырқайсың кеп қалай сұлу деп жәй дала.


Қалған ізі де, ол басып өткен жол сұлу

 Ерке Есілге малтиды түнде сол сұлу –

Жып-жылтыр нұрдан перде түседі әп-сәтте

Байқағың келсе, Астанадайын бол сұлу!


Айтылар сөз де, сен жайлы өлең асқақ ә?!

Қимаймын сені  жел, бораныңды басқаға

Алты құрлықтан тең келер сұлу таппадым,

Алты Алашымның Аруы сенсің – Астана!

Жұлдыз БЕЙСЕК.