Мен - Көктемнің Қызымын ғой...

Біріншісі наурыздың,

Ақынға өлең, бозторғайға ән салғыздың.

Жылғалармен  су ағады сыр айтып,

Тарқатылған бұрымындай таң-қыздың.

Бұлтсыз аспан күлкі шашты маңайға

Табиғатқа адам көзі  бәрі – айна,

Жанарлардан көріп алып өздерін,

Боянады жасарам деп қалайда.

Тереземде қыс еді ғой, сәнді кім?

Жасады екен, жасандырып жан гүлін.

Күннен келген көбелектер бұтаққа

Қонып жүріп сиқырлады-ау барлығын.

Мезгіл  өңір маңдайына шақ келді

Босатайын сәулелерге қақ төрді

Бәйшешекпен бүрін жарған  көктемді

Қанатымен құстар бәлкім ап келді.

Көкжиек те, көгорай бел  көкпенбек,

Апам отыр құрақ көрпе көктеп бек,

Мен көктемнің қызымын ғой көк көйлек

Киіп алдым көгеруім шөптен деп.

Болсын бойдан шер де ғайып, сор ғайып,

Нұрлы күнді, жақсылықты ойлайық.

Келіңіздер би билеумен  бауырдай

Табиғаттың туған күнін тойлайық.


Жұлдыз БЕЙСЕК.



Бөлісу: